Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жер мәселесіне нүкте қойылды – Қазыбек Иса

Жер мәселесіне нүкте қойылды – Қазыбек Иса

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қазыбек Иса бүгін Президенттің қатысуымен өткен кеңестің бесінші жиынына қатысты пікірін білдірді.Ұлттық кеңесте Мемлекет басшысы халық үшін өте маңызды жер мәселесіне нүкте қойылатынын мәлімдеді. Шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды.
Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Жер мәселесін шешуге байланысты бір айдың ішінде 25 наурызға дейін Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылатын болды. Жердің шетелдіктерге сатылмауы мен жалға да берілмеуі – халық күтіп отырған ең басты мәселе! Мұндай талап «Ақ жол» партиясының саяси бағдарламасында жазылған. Партияның Мәжілістегі фракциясы биылғы 20 қаңтарда Парламент Мәжілісінің жаңа құрамының алғашқы жалпы отырысында да жер мәселесін қайта көтеріп, мораторий аяқталып келе жатқандықтан, жер мәселесіне түбегейлі нүкте қоюға шақырған болатын, - дейді Қазыбек Иса.
Ол әріптесі, журналист Максим Рожин Ұлттық кеңесте мемлекеттік мүдде тұрғыда жақсы сөйледі деп отыр. Бір қызығы, Максим Рожин мемлекеттік тілде майын тамызып маңызды мәселе көтерсе, Марат Шибұтов Ресейдің мемлекеттік тілінде сөйледі.

Иә, саяси реформалар барлық жаңғырудың басы екені анық. Өйткені қазір халықтың қоғамдық-саяси белсенділігі артып, Үкіметке қояр талабы күннен-күнге күшейіп келеді. Әлеуметтік әділетсіздіктерге қарсылық артуда. Сондықтан, ең бастысы, Мемлекет басшысы айтқандай, «Жаңғырудың түпкі мақсаты әділ қоғам орнату» болуы тиіс, - дейді Қазыбек Иса.

baq.kz
25 ақпан 2021 ж. 410 0