Биыл КВИ вакцинасын 6 миллионға жуық қазақстандық алады – Цой

Алқа барысында Денсаулық сақтау министрі ресейлік «Спутник V» вакцинасы рекордтық мерзімде сатып алынғанын еске салды. Бүгінде оның өндірісі Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында жолға қойылған. Отандық тауар өндірушілерге өнім жеткізу бекітілген кестеге сәйкес - 2021 жылдың 24 ақпанында басталды. Сонымен қатар, биыл сәуір айында БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының әзірлемесі – «QazCovid-in» отандық өндірісінің вакцинасын қолдану жоспарланған.
Цой Денсаулық сақтау министрлігінің профилактикалық егулерді жүргізу, вакцинаны тасымалдау және сақтау кезінде суық тізбек шарттарын сақтау мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдерді әзірлеп бекіткенін жеткізді.
КВИ-ға қарсы вакцинация тактикасы, вакцинацияның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету бойынша 2 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды. Егілгендердің есебін жүргізу және иммундық жағдайды бақылау e-gov mobile «Вакцинация» сервисі және «Цифрлық құжаттар» сервисіндегі вакцинация паспорты арқылы жоспарлануда. Бұл вакцинация көлемін және аурудың болжамын жоспарлауға көмектеседі. Вакцинацияның қолда бар нәтижелерін ескере отырып, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына дейін эпидемиологиялық жағдайдың болжамы қалыптастырылды, - деді ол.
Министр оптимистік және шынайы болжамға сәйкес жаппай вакцинациялау, маска режимін қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік қашықтықты сақтау елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруды қамтамасыз етуі және өзін-өзі оқшаулау мен карантинге балама болатынын атап өтті.
Бүгін бүкіл әлем вакциналау арқылы ғана үйреншікті өмірге карантинсіз оралуға мүмкіндік беретінін түсінді. Осыған байланысты барлық өңірлер иммунопрофилактика мәселелері бойынша халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет, - деп атап өтті министр.
Еске сала кетейік, Қазақстанда коронавирустық инфекцияға қарсы жаппай вакцинациялау Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылғы 1 ақпанда басталды.
baq.kz