Облыс әкімінің құттықтауы
Сіздерді шұғылалы көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әйел-Ана қашан да – әдеміліктің символы!
Жер бетіндегі жақсылық пен ізгілік, қайырымдылық пен мейірімділік ұғымдарының барлығы ана атауымен тығыз байланысты.
Сондықтан да, көктемнің осы бір тамаша мерекесі әйелге тән әсемдік пен нәзіктіктің мәңгі белгісі сияқты көрінеді.
Биыл – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі жылы. Осы жылдар ішіндегі еліміздің толағай табыстары мен Сыр өлкесінің қол жеткен жетістіктерінің барлығында бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербеткен әйелдер қауымының өз қолтаңбасы бар.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне әйелдердің қосқан үлесі шексіз!» деп ерекше атап көрсетуі де сондықтан.
Сіздер әрдайым егемен еліміздегі бейбіт тірліктің, бірегей бірліктің, кемел келешекке деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы болып келесіздер. Күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы отбасының нығаюына ғана емес, қоғамның барлық саласының дамуына зор үлес қосып жүрсіздер.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөзімен айтқанда: «Егемен елімізде әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Отбасы институтын, көпбалалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығы».
Әйел-аналар қандай жағдай болмасын қиындыққа мойымайтын, ауырлықты көтере білетін қажырлы тұлға екенін әрдайым дәлелдеп келеді. Өткен жылы пандемия өршіген кезеңде біз 87 проценті әйелдерден құралатын медицина мамандарының арқасында қиындықты еңсере алдық десек болады. Өзінің емес, өзгенің денсаулығын ойлап, күн-түн демей қызмет еткен дәрігерлер, мейірбикелердің еңбегіне баршамыз ризамыз.
Көрікті көктемнің көркем мерекесі көңілдеріңізге қуаныш сыйлап, жүздеріңізден күлкі кетпесін, Сыр елінің аяулы арулары!
Әрқашан шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, қуаныштан арылмасын! Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, отбастарыңызға амандық тілеймін!
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Құрметпен,
облыс әкімі
Гүлшара Әбдіқалықова
syrboyi.kz