Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығы» және «Қазақ күресі» ассоциациясы өкілдері Сыр еліне жұмыс сапарымен келді

«Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығы» және «Қазақ күресі» ассоциациясы өкілдері Сыр еліне жұмыс сапарымен келді

«Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Қауымдастығы» және «Қазақ күресі» Ассоциациясының бас директоры Абат Имамбаев, Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Қауымдастығының басқарушы директоры Берік Құнанбаев, Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Қауымдастығы бас директорының кеңесшісі Мұсабек Мәулен, «Қазақ күресі» Ассоциациясының басқарушы директоры, PhD доктор Ербол Мырзабосынов, Қазақ күресінен Қазақстан Республикасының бас жаттықтырушысы Ерлан Естек арнайы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында Қызылорда қаласындағы бірқатар спорттық нысандарды аралады. Облыс орталығындағы №1 және №2 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектептері мен жоғары спорт шеберлігі мектебінің жұмысымен танысты. Аталған спорт мектептеріндегі қазақ күресі, самбо, шинкиокушинкай каратэ, кикбоксинг бөлімшелерін көріп, спортшылармен кездесіп, жаттығуларын тамашалады.

Мұнан соң облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметтің төрағалығымен өткен «Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Қауымдастығы» және «Қазақ күресі» Ассоциациясының Қызылорда облысындағы көшпелі отырысына қатысты. Сондай-ақ, жиында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Құндызбаев, Қызылорда облысы бойынша Қазақ күресі федерациясының төрағасы Рзақұл Нұртаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов және Қызылорда облысы бойынша Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Қауымдастығы құрамына кіретін жергілікті федерациялардың басшылары мен қазақ күресінен ұлттық дәрежедегі төрешілер болды.

Отырыста екі мәселе қаралып, алғашқы мәселе Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Қауымдастығының құрамына кіретін жергілікті федерациялардың және қазақ күресін дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов баяндама жасады.

«Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Ассоциациясының құрамына кіретін 15 спорт түрлері бойынша облыста барлығы 5 339 спортшы жатығады. Сыр спортшылары ҚР Ұлттық құрама сапында 2018-2019 жылдары халықаралық ареналарда өнер көрсетіп, Азия чемпионаттары мен кубоктарында 49 медаль иеленсе, Әлем чемпионаттары мен кубоктарында 56 медальға қол жеткізді. Ал, қазақ күресімен өңірде 298 секцияда 4879 спортшы шұғылданса,114 жаттықтырушы жұмыс жасайды. Облыстағы 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің 17-де қазақ күресімен 159 секцияда 2005 спортшы шұғылданса, 59 жаттықтырушы тұрақты жұмыс атқарып келеді. 2019 жылы Азия чемпионатында облыстың 2 палуаны алтын және қола жүлдегер атанды. Әлем чемпионатында 1 палуан чемпион атанса, Әлем барысында 1 палуан күміс жүлдені иеленді. Соңғы 3 жылда Сыр бойылық спортшылар ҚР чемпионаттары мен кубоктарында 117 медаль жеңіп алды», – деді Жақсылық Оспанов.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе Қазақстан Республикасының «Қазақ күресі» Ассоциациясының басқарушы директоры, PhD доктор Ербол Мырзабосынов және Қазақ күресінен Қазақстан Республикасының бас жаттықтырушысы Естек Ерлан хабарлама жасады.

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Құндызбаев «Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Қауымдастығы» және «Қазақ күресі» Ассоциациясы туралы өз пікірін білдірді.

Сондай-ақ, көшпелі отырыста спорттық жарыстардың қатарын арттыру мен Қазақ күресін дамыту бойынша бірқатар ұсыныс айтылды.

Ассоциацияның бас директоры Абат Имамбаев Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Қауымдастығы мен «Қазақ күресі» Ассоциациясы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды жеткізіп, жиынды қорытындылады.

«Біздің Қызылорда облысына келген мақсатымыз Ассоциация жұмысын одан әрі жетілдіріп, өңірлердегі маңызын арттыру болып табылады. Сонымен қатар, қазақ күресін дамытып, жас спортшыларды патриоттыққа баулу да біздің негізгі бағыттарымыздың бірі екенін айта кеткен жөн. Сондықтан, аймақтағы федерация филиалдарымен ынтықмақтастықты арттыра отырып, жоспардағы жұмыстарды жүзеге асыра аламыз», -деді Абат Имамбаев.
kyzylorda-news.kz
10 наурыз 2021 ж. 354 0