«Арал теңізі күні»: Аралда ағаш көшеттері отырғызылды

Теңізді сақтап қалу үшін «САРАТС» жобасының бірінші кезеңінің жүзеге асырылуымен бірге аталған қордың Арал теңізін құтқаруға және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалары оң нәтижелерін беруде.
Бүгін айтулы күн аясында «Барсакелмес» мемлекеттік-табиғи қорығының кеңсесінің ауласында ағаш отырғызу шарасы өткізілді.
Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Жұбанов қатысып, «Арал теңізі күнінің» мән-мағынасына тоқталды. Сонымен қатар, ата-бабаларымыздың «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», «Бір тал кессең, он тал ек» деген тәмсілдердің тәрбиелік мәні зор екендігін, ағаш отырғызу халқымыздың сауапты істерінің бірі екендігін айтып өтті.
Шара барысында туя ағашы мен жеміс талдарының көшеттері отырғызылды.
Атап өтейік, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында «Таза табиғат» республикалық акциясы аясында Арал теңізінің ұлтанына 180 мың түп сексеуіл, аудан бойынша 2000 түп ағаш көшеттері отырғызылған болатын.
kyzylorda-news.kz