Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіқалықова: «Мың алғыс Сізге, майдангер» шаралар шеруі өтеді»

Гүлшара Әбдіқалықова: «Мың алғыс Сізге, майдангер» шаралар шеруі өтеді»

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 76 жыл. Осыған байланысты облыс әкімі фейсбук әлеуметтік желісінде жазба қалдырды.
Қадірлі жерлестер!

Еліміздің барлық өңірінде ардагерлерге зор сый-құрмет көрсетілетіні белгілі. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын майдангерлеріміздің қатары сиреп барады.

Бұрын әр ауыл мен қаладан кеудесіне жарқыратып орден-медалін таққан ардагерлерді жиі көруші едік. Тіпті, екі үйдің бірінде «Бұл үйде Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады» деген арнайы тақтайша ілулі тұратын. Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан, санаулы ғана саны қалған ардагерлерімізге қандай құрмет көрсетсек те жарасады.

Осыған байланысты, «NurOtan» партиясы облыстық филиалының бастамасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында облыс көлемінде «Мың алғыс Сізге, майдангер» атты арнайы хэштегпен ақпараттандырылатын шаралар шеруі басталады.

Мақсаты – ардақты ардагерлерімізге жан-жақты қолдау көрсете отырып, майдангерлердің ерен еңбегі мен өшпес ерлігін кейінгі ұрпаққа насихаттау арқылы бүгінгі бейбіт өмірдің құндылығын, Тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін жастар санасына сіңіру.

Ардагерлерді ардақтау – ұрпақ парызы. Әрбір ардагерге лайықты құрмет көрсетіліп, қамқорлықтан тыс қалмауы тиіс. Бұл бәріміздің ортақ, абыройлы борышымыз деп қабылдап, жерлестерімізді осындай маңызды шараларға үлес қосуға шақырамын.

syrboyi.kz
14 сәуір 2021 ж. 430 0