Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Баянды бағыт, қарышты қадам

Баянды бағыт, қарышты қадам

Тәуелсіздік – қазақ халқының мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейін қандай жетістікке жетсек, қандай асуларды бағындырсақ, ол – тәуелсіздіктің арқасы. Тарихқа көз жүгіртсек, ХV ғасырда Әз-Жәнібек пен Керей хандардың бастауымен алғаш рет Шу бойында ту көтерген Қазақ хандығынан кешегі Желтоқсан оқиғасына дейінгі аралықта сан ғасырлық шежіресі жатыр.
Барша қазақстандықтар үшін тәуелсіздіктің мәні де, маңызы да айрықша. Өйткені біз тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды түгендеп, тілімізді, дінімізді және ділімізді қайта оралттық. Мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданып, ұлттық салт-дәстүрімізді жандандырдық.
Қазақстан тәуелсіздік жылдарында Елбасының көшбасшылығы мен сарабдал саясатының арқасында барлық қиындықтан өтті, қуатты мемлекеттің іргетасын қалады. Егемен еліміздің шекарасы бекітіліп, халықаралық аренада мемлекет беделінің артуына бағытталған игі шаралар жүзеге асты. Ішкі-сыртқы саясатта биіктен көрініп, береке-бірліктің нәтижесінде іргелі мемлекетке айналдық.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында: "Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз" деген болатын.
Тәуелсіздік – барша қазақ халқының жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі. Отыз жыл ішінде қаншама іс тындырылды, қаншама жоба жүзеге асырылды. Экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз өсті. Білім мен денсаулық саласына баса мән берілді. Өзге елдермен қарым-қатынасымыз жақсарды. Осының бәрі ел тәуелсіздігінің жемісі.
Елдің даму көшінде аралдықтардың да өзіндік орны бар. Аудан тұрғындарының ерен еңбегінің нәтижесінде өңірде экономиканың барлық бағытында ілгерілеушілік басым. Әлеуметтік нысандар бой көтеріп, көшелер жарықтандырылып, кәсіпкерлік бағыттағы бірқатар қызмет көрсету орындары ашылды. Мұның барлығы береке-бірлігіміздің, тынымсыз тірлігіміздің арқасында жеткен жетістігіміз.
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, егемендігіміз баянды болғай!
К. МАХСҰТ
20 сәуір 2021 ж. 653 0