Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін – Халықаралық өрт сөндірушілер күні

Бүгін – Халықаралық өрт сөндірушілер күні

4 мамыр - Халықаралық өрт сөндірушілер күні. Бұл күн 1999 жылы Австралиядағы орман өрті кезінде бес өрт сөндірушінің қайғылы өлімін еске алу мақсатында қабылданған.
1998 жылы 2 желтоқсанда Линтон аймағында (Виктория, Австралия) жаппай өрт шықты. Жергілікті өрт сөндірушілер көмекке келген бес өрт сөндіруші өрт аймағына кіргенде, жел кенеттен бағытын өзгертеді. Өрт сөндіру машинасы жалынға оранып, бесеуі де оқиға орнында қайтыс болды.

Халықаралық өрт сөндірушілер күні осы қайғылы оқиғаларды еске алу үшін белгіленді. Бұл күні қызметте қаза тапқан өрт сөндірушілерге құрмет көрсетіліп, күн сайын өзгелерді құтқару үшін өз өмірлерін қатерге тіккендерге алғыс пен құрмет көрсетіледі.

Халықаралық өрт сөндірушілер күнінің символы - ұзындығы бес сантиметр және ені бір сантиметр болатын қызыл және көк лента. Таспаның ортасында екі түрлі түсті жалғанған, қызыл отты, ал көк суды бейнелейді. Сонымен қатар бұл түстерді әлемнің көптеген еліндегі төтенше жағдайлар қызметі қолданады.

Халықаралық өрт сөндірушілер күнін тек өрт сөндірушілердің өздері ғана емес, сонымен қатар барлық төтенше жағдайлар қызметкері де атап өтеді.

ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, елімізде қазіргі таңда 5 520 өрт сөндіруші қызмет атқарады. Олардың 5 517-і ер, 7-еуі әйел. Олардың орта жасы 30 шамасында.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі кезеңінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде өртке қарсы қызметтің 43 қызметкері (барлығы ер адамдар) қаза тапты.

«Құқық қорғау қызметі туралы» заңына сәйкес қызметкер қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда асырауындағыларға немесе мұрагерлерге соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық ақшалай қаражаты мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.

Қаза тапқан қызметкерлерді жерлеу үшін олардың үш айлық ақшалай қаражаты мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төленеді.

Сонымен қатар соңғы 5 жылда өрт сөндірушілер арасынан 714-і марапатталды. Олар алғыс хатпен, грамотамен, медальмен және төсбелгімен марапатталды.

Қазір өрт сөндіруші мамандығының мәртебесі мен беделін арттыру, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру мақсатында ТЖМ мемлекеттік органдармен бірлесіп әскери қызметшілерге ұқсас тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру мәселесін пысықтауда.

2020 жылы өрт сөндірушінің жалақысы айына 141 604 теңгені құрады (еңбек өтілі 9-11 жыл, сержант атағы, «1-сыныпты маман» сыныптық біліктілігі бар). Сондай-ақ 2021 жылы өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметтерінің қатардағы және кіші басшы құрамын 10%-ға көтерді, - деп жауап берді ТЖМ.
Өрт сөндірушінің жалақысы еңбек өтіліне, сыныптық біліктілігінің және атағының болуына байланысты (азаматтық қорғау сержанты, бір жылға дейінгі өтілі бар) орташа есеппен 2020 жылы – 99 мың теңгені, 2021 жылы – 108 мың теңгені құрады.

Ал жұмыс өтілі бар өрт сөндірушіде (азаматтық қорғау сержанты, 20 жылдан астам жұмыс өтілі бар, «1-сыныпты маман – тәлімгер (шебер)» сыныптық біліктілігі бар) 2020 жылы – 160 мың теңге, 2021 жылы - 177 мың теңге болды.

baq.kz
04 мамыр 2021 ж. 540 0