Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жиында маңызды мәселелер талқыланды

Жиында маңызды мәселелер талқыланды

Облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен өткен басқосуда жол жөндеу, ауыз су, электр энергиясымен қамтамасыз ету, газдандыру және құрылыс саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен талқыланды.
Жиын барысында облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тлеуімбетов, энергетика басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетовтар өз салалары бойынша аудан көлеміндегі өзекті деген тақырыптарда сөз қозғап, жүзеге асыруды қажет ететін түйіткілді мәселелерді саралап өтті.
Жиында жол саласы бойынша атқарылған және жоспарланған жұмыстардың барысын баяндап өткен облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының басшысы М.Тлеуімбетов ағымдағы жылы аудандағы жол саласын дамытуға барлығы 4 млрд 366 млн теңге қаржы бөлініп отырғандығын жеткізді. Аталған қаржыға өңірдегі 102 шақырым жол, көше және көпір өткелдерін жасау жоспарланған.
Айта кетейік, жалпы Арал ауданында 924 шақырым жол бар, оның 281 шақырымы республикалық маңызы бар жолдар қатарына енсе, қалған 643 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар қатарында. Басқарма басшысының сөзінен аңғарғанымыздай, аудан аумағындағы жол жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес тиісті деңгейде жүзеге асырылуда. Күрделі мәселелер де жоқ емес. Мәселен, ауданда Арал қаласындағы темір жол өткелін салу және Хан елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірді жөндеуден өткізу кезек күттірмейтін мәселелер қатарына еніп отыр. Дегенмен, темір жол өткелін салу бағытында қарқынды жұмыстар қолға алынған. Бұдан бөлек, осы кезге дейін түйткілді мәселе болып келген «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би» бағытындағы жолды қайта қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар басталмақ. Сонымен қатар, «Жақсықылыш-Тоқабай» бағытындағы жолды аяқтау мәселесі де назардан тыс қалмады.
Одан әрі аудандағы құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстар легі мен энергетика, газдандыру бағытында жоспарланған жұмыстар жайы кеңінен сөз болды. Сонымен бірге аудан басшысы Мұхтар Оразбаев аудан үшін маңызды деген мәселелерді ортаға салып, ел игілігіне бағытталған жұмыстарды жүзеге асыру бағытында бірқатар жобалар әзірленіп жатқандығын жеткізді.
Жиын соңында қозғалған мәселелер қорытындыланып, тиісті сала басшыларына хаттамалық тапсырмалар жүктелді.
"Толқын" ақпарат
14 мамыр 2021 ж. 405 0