Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіқалықова: Бұлай жүре берсек, індет ұзап кетуі мүмкін

Гүлшара Әбдіқалықова: Бұлай жүре берсек, індет ұзап кетуі мүмкін

«Covid-19» вирусының көбеюіне байланысты Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сыр халқына үндеу жариялады.
Қымбатты жерлестер! Адамзат баласы жаралғалы бері талай қатерлі індетті бастан кешіп келеді. Олардың әрбірі адам өміріне қандай қайғы-қасірет әкелгені тарихтан белгілі. Былтырдан басталған COVID-19 коронавирус індетімен әлемде үздіксіз күрес жүргізіліп жатқанымен, бұл қауіпті вирус мутацияланып, қатерін қайта төгуде.
Мәселен, Ресейде коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы тым көбейіп барады. Санкт-Петербургте жағдайдың күрделілігі сонша, инфекциялық ауруханаларда орын тапшылық етіп, науқастар тіпті еденге жатқызылуда. Жағдайдың асқынуына үндістандық Дельта штаммы, сондай-ақ, тұрғындардың вакцина салдырудан бас тартуы және карантин шектеулерінің сақталмауы себеп болып отыр.
Үндістанның Махараштра штатында «Дельта плюс» деген атауға ие болған жаңа мутация туралы Үндістанның бүкіл медициналық ғылымдар иститутының жетекшісі Рандип Гулерия бұл штаммның болашақта алаңдаушылық тудыруы мүмкін екенін ескертті.
Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі де «Үнді» штаммының айналымы ықтималдығын анықтап отыр. Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустық инфекциямен сыртқаттанушылық деңгейінің күрт өсуіне байланысты министрлік науқастардан алынған оң зертханалық үлгілердің ПТР скринингін өткізді. Нәтижесінде үнділік «Дельта» штаммына тән мутация ықтималдығы байқалды.«Дельта» коронавирус штаммы басқа штаммдарға қарағанда аса жұқпалы, жұққыштығы – 60%, орта есеппен 1 адамнан 5-6 адам жұқтырады, ол 7 күнге дейінгі қысқа инкубациялық кезеңмен ерекшеленеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы 20 маусымдағы деректері бойынша SARS-CoV-2 «Дельта» штаммы әлемнің 74 елінде анықталған.
Осыған байланысты, қадірлі жерлестер, Сіздерді өзіңіздің ғана емес, отбасыңыз бен жақындарыңыздың, айналадағы адамдардың денсаулығын сақтауға шақырамын. Өкінішке қарай, пандемия азайды деп босаңсып кеттік. Ас-су, жиын-тойлар көбейді, қарапайым қажет талаптарды сақтауды қойдық. Бұлай жүре берсек, індет ұзап кетуі мүмкін. Ал, біз бұрынғыша өмірге қайта оралғымыз келе ме, онда әлеммен бірге инфекциядан қорғанудың жалғыз тиімді тәсілі COVID-19 вакцинасының аяқталған курсын алайық.
Осы ретте, вакциналауға медициналық қарсы көрсеткіші жоқ әрбір адамның қысқа мерзімде КВИ-ге қарсы екпе салдырғаны жөн болар еді. Сондай-ақ, вирустың таралу қаупін азайту үшін барлық алдын алу шараларын қатаң сақтау қажет: маска кию, арақашықтықты сақтау, қолды жуу, үй-жайларды желдетіп отыру, т.б. Өз денсаулығымыз өз қолымызда, ағайын!

kyzylorda-news.kz
23 маусым 2021 ж. 439 0