Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет символына айналған қала

Мемлекет символына айналған қала

Астананы Алматыдан Арқа төсіне ауыстыру Қазақстанның тәуелсіз ел болғалы тұңғыш рет жасаған батыл қадамы болатын. Бүгінде тоғыз жолдың торабында, Ұлы Жібек жолының күретамырында бой көтерген елордамыз  Елбасының бастамасымен ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажайыптардың бірі. Тарихқа көз жүгіртсек, Арқа Әз Тәуке ханның жаз жайлауы болғаны, батырларымыз бен шешендеріміз, билеріміз бен хандарымыз Ақмола төңірегінде Ұлытауда, Қарқаралыда, Қараөткелде жиі-жиі бас қосып, азаттық үшін ұлы күресте елді болашаққа бастағандығы айтылады.
Алаш жұртының асқақ айбары – ару Нұр-Сұлтанға 23 жыл! Тарих үшін аз ғана уақыт. Осы мерзім ішінде Қазақстан халқының ерен еңбегінің нәтижесінде әлемнің атақты астаналарымен иық тірестіре алатын қазақ жұртының жас та бас қаласы қалыптасты.
Осыдан 27 жыл бұрын, яғни 1994 жылдың 6 шілдесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тегеурінді ұсынысымен Қазақстан Республикасының Парламенті ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдады. Бұл тарихи маңызы зор бастамасында Елбасы Ақмола қаласының тәуелсіз мемлекетіміздің астанасы болып таңдалуының 32 негізгі өлшемін көрсетіп берген болатын. Олар: әлеуметтік-экономикалық, геосаяси, көлік инфрақұрылымы, инженерлік-коммуникациялық, құрылыс, еңбек ресурстары және басқа да қолайлы мүмкіндіктер еді.
Содан бергі өткен 23 жыл ішінде еліміздің бас қаласы – Астана төрткүл дүниені түгел тамсандырған тарихи құбылысқа айналды. Арқа төсіндегі сән- салтанаты жарасым тапқан елорда бүгінде озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелуде. Қазірде елордада заманауи құрылыс саласының барлық құрылымын қамтитын еліміздің жаңа құрылыс кластері қалыптасты. Бас қала­мыздың көркін арттырған сәулет өнерінің заманауи үлгілері салтанат құрды. Олар: «Ақорда», «Астана триумфы», «Пирамида», «Бәйтерек», «Хан Шатыр». Бұл архитектуралық ансамбльдерге «Қазақ елі» монументі, «Мәңгілік ел» аркасы қосылды. 91 метрлік зәулім тұғырдың ұшар басынан заңғар аспанға ұмтылған самұрық құс азаттық аңсаған әрбір қазақ баласын мақтаныш сезімге бөледі.
Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастыратын алтын көпір атанған ару қаланың бүгінде төрткүл дүниенің маңызды мәселелерін шешетін жаһандық орталыққа айналғаны да шындық. Оған елордамызда ЕҚЫҰ саммиті, VII Қысқы Азия ойындары, ИКҰ форумы, Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері өткізілетіндігі толық дәлел.
Міне, осындай тамаша жетістіктер мен жеңістерге толы осынау жылдар ішінде Ұлы даланың нақ кіндігі – Сарыарқа төсінде XXI ғасыр ғажайыбы, әлемдік мегаполис, арман қала бой көтерді. Еліміздің елордасы Ақмолаға қоныс аударғаннан бері өткен жылдар мемлекетіміздің қауіпсіздігін, геосаяси еркіндігін, территориясының мызғымастай беріктігін, ел экономикасының қарқынды даму стратегиясын қамтамасыз еткен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бетбұрыс кезең болды. Осы жылдарда Астана Қазақстанның шынайы тәуелсіздігі мен егемендігін паш еткен мемлекеттік орталық болып танылды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласын ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы жарлыққа 2019 жылы 23 наурызда қол қойды. Бұл жылдары халық саны үш есе өсіп, 2020 жылдың мамыр айында 1 149 947 адамға жетті. Осылайша, өсім 849,442 адамды құрады. Соңғы кездері Қазақстанның бас қаласы тұрғындар саны бойынша әлем астаналарының көбін, оның ішінде Вашингтонды (705 мың адам) басып озды. "1999, 2000, 2001 жылдары қала халқының өсуі жыл сайын 50 мыңға жуық адамды құрады. Мұны рекордтық көрсеткіштердің бірі деп айтуға болады. Бұл ішкі көші-қонға да, табиғи өсімге де байланысты. Жыл сайын жас отау, жаңадан шаңырақ құратын жастар саны 3 мыңнан 11 мыңға дейін көбейіп, төрт есе артты.
Елорда – тәуелсіздігіміз бен мемлекеттілігіміздің символы, ұлт болып ұйысуымыздың, береке-бірлігі артқан ынтымақты ел болуымыздың белгісі. Жаңа астана арқылы қазақ жерінің тұтастығы сақталды, қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Сондықтан астана тағдыры – қазақ тағдыры, астана мәртебесі – қазақ мерейі, астана табысы – қазақ жеңісі. Бүгінде әлемге әйгілі болған елордамыз – Нұр-Сұлтан арқылы қазақтың да абыройы асқақтап отыр.

К. МАХСҰТ 
06 шілде 2021 ж. 445 0