Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Арал ауданында болды

ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Арал ауданында болды

Бүгін ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары, «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Қалиев Сұлтан арнайы іссапармен Арал ауданында болды.

Алдымен аудандағы Ә. Нұрпейісовтің Әдебиет үйіне барып, белгілі жазушының өмір жолымен және шығармашылығымен танысты.
Одан соң аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандағы түрлі сала қызметкерлерінің кәсіподақ комитеттері төрағаларымен кездесті.

Кездесуді аудан әкімі Серік Сермағамбетов жүргізіп, өңірдегі кәсіподақ ұйымдары мен олардың негізгі қызметіне тоқталып өтті.

Мұнан кейін сөз алған ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Сұлтан Қалиев ауданға келген сапарының мақсатын айтып, Республикалық Кәсіподақтар Федерациясындағы жаңалықтар мен өзгерістерден хабардар етті.

Кездесуде аудандағы ауылшаруашылығы, медицина және білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағалары өз салаларына қатысты өзекті мәселелер жөнінде ұсыныстарын білдірді. Жиын барысында медицина қызметкерлерінің айлық жалақыларына қосымша төленетін 50 пайыз жеңілдік үстемақысының толық төленуі, жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру мекемелеріндегі техникалық қызметкерлердің ақысыз түрде медициналық тексеруден өткізу мәселелері ұсынылды.

Сұлтан Есімұлы айтылған ұсыныстардың барлығы назарға алынып, Кәсіподақтар федерация төрағасымен бірге оңтайлы шешу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.




Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

11 шілде 2021 ж. 428 0