Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кімге көмек көрсетпеген бұл Арал?!

Кімге көмек көрсетпеген бұл Арал?!

Қайран, Аралым! Теңізің тартылғаны аздай, халық тынысына дем беріп тұрған дария да дәрменсіз күйге енді. Енді, міне, қос бүйірден алған қуаңшылық мен коронавирус. Індет енді тұтас әлемге төнген қауіп қой. Ол аздай, бізге биылғы қуаңшылықтың да тарттырар мехнаты көп болғалы тұр-ау. Жамандық шақырудан аулақпыз. Бірақ жағдай бүгін-ертең оңалмаса, онсыз да қолдағысынан қағылып, шылбыр ұстаған шаруаға ауыр соққы болайын деп тұр. Тәубе, іргеміз ала-бөтен, қонысымыз басқа емес. Осы елдің ішінде болған соң бұл Арал да талай таршылықта қолындағысын бөліп, аузындағысын жырып берген өзгеге. Барлығын былай қойғанд,а осыдан 100 жыл бұрын аштықтан қырылғалы жатқан Поволжье халқына 14 вагон балық жөнелтіп, қайырымдылықтың озық үлгісін танытқаны неге тұрады?! Одан бері қарай да төтенше жағдайға тап болған талай жұртқа жәрдем қолын созды. Енді, міне, өтпелі кезеңнің күрделі тұсы бізге де айтарлықтай соққы болып отыр. Көмексіз қалдық деуден аулақпыз. Жан-жақтан жіберілген мал азығы бүгінде тұрмысы төмен отбасыларға келіп жатыр. Елге белгілі азамат Болат Өтемұратов қор есебінен қаншама миллион теңге қаржы аударды. Бұл да – үлкен көмек.
Әні-мінемен респуликадан бөлінетін қаржыға да қол жетіп жатса, малға мол азық жетіп, жағдай оңалар. Бастысы, біз төтенше жағдайда жергілікті билік тарапынан қолға алынған кез келген жағдайға түсіністік танытуымыз керек. Анау ананы айтты деп алашапқынға түспей, жағдайды бағамдай алуымыз керек. Сабырмен күтсек, көмек барлығына да жетеді. Бастысы, деректің дұрыстығы. Ол үшін қолда барды дерекқорға енгізсек, көрсетілген малдың басына сәйкес әрбір тұрғын мен шаруа тиісті көмек алатын болады. Елдің басына түскен бұл ауыртпалық та өтер. Бастысы, қай істе болмасын сабыр мен бірлік керек.
Жәзи БЕРТІЛЕУОВ,
Абай ауылының тұрғыны
03 тамыз 2021 ж. 232 0