Қуаңшылық құтымызды қашырмасын

Күн жылып, көктем келісімен-ақ, жергелікті шараулар мен мамандар құрғақшылықтың болатыны туралы айтып дабыл қақты. Әдетте қыстан қылтиып шығатын төрт түлік мал көктем шыға аузы көкке тиіп, қоң жинаушы еді. Бұл жолын олай болмады. Әсіресс арықтықтан сүйегі көрінген ірі қара малды көзіміз жиі шалды. Ақыры түзден не житін шөп, не ішетін су таппаған малдар әрі қырда арам өліп қалды.
«Мал-жаның аман ба?» деп саулық сұрасатын қазақ халқының бүкіл өмірі мал шарауашылығымен тікелей байланысты. Әсіресе шалғай ауылдың халқына өңірдегі қуаңшылық қатты әсерін тигізді. Ақ-адал малынан айырылған қарапайым малшылар үшін бұл үлкен соққы болды.
Өңірдеге орын алған табиғи жағдайға атқарушы билік өкілдері жіті назар аударғандығының арқасында бұл мәселе де өз шешімін тауып келеді. Аудан көлемінде төтенше жағдай жарияланды. Аралдағы малшылардың жағдайына алаңдаушылық білдірген көршілес өңірлер көмек көрсетіп, жастар мен еріктілер шөп жеткізу жұмыстарына дендеп кірісті.
Міне, осылай жұмылып жұдырық болғандығымыздың арқасында ел болып қиындықты еңсеріп келеміз. Табиғат көрсеткен тосын жағдай біздің ұлтқа жанашыр, елге тілекші азамат екендігімізді тағы да дәлелдей түсті. Сондықтан осы мәселені шешу жолында аянбай еңбек етіп жүрген ел азаматтары мен қоғам белсенділеріне алғысымды білдіргім келеді.
Ж.Жүсіпәлиев,
зейнеткер,
Арал қаласы