Малдың жайын баққан білер

Бірнеше жылдан бері мемлекеттің көрсеткен қолдауының нәтижесінде шаруа қожалығымыздың ісі алға басып, мал басы да өсім алуда. Малды асылдандыру бағытында шараларды жүзеге асырып келеміз.
Биыл табиғат тосын мінез көрсетті. Көктем шығысымен жердегі көк өз деңгейінде көтерілмеді. Мал жайылатын шөп шықпады. Аудан көлемінде малдың өлім-жітімі орын алып, шаруаларға шығын әкелді.
Қазір жағдай біршама тұрақталды. Өңірде төтенше жағдай жарияланды. Қуаңшылық зардабын жою бағытындағы жұмыстар бастау алды. Жер-жерден көмек ретінде жеткізілген жем-шөп тұрғындарға тегін үлестіріліп келеді. Бұл қысылтаяң шақта мал ұстаған тұрғындарға үлкен демеу болып отыр.
Алдағы уақытта шабындық жерлерді суландыру үшін каналдар тазаланып, ұңғымалар қазылады екен. Жауапты мамандар көршілес аудандармен жасалған келісім негізінде мал азығы әкелініп, тасымалына қаражат бөлу мәселесі қарасытырылады деп жатыр. Бұның барлығы халыққа көрсетіліп жатқан қолдау. Елдің игілігі, малдың аман сақтап қалу үшін жасалатын жұмыстардың барлығы сәтімен болсын.
Мейрамбек ДӘРІБАЕВ,
«Оңдасын-Ильвира» шаруа қожалығының төрағасы