Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Түйенің тоң табаны неге түсті?

Түйенің тоң табаны неге түсті?

Биыл шаруада маза жоқ. Қуаңшылықтың қыспағы аздай, оған төрт түлікке жеткен түрлі індет қосылып жатыр. Әдетте «Малдың көзіне ақ түсіпті, аузы іріп кетіпті немесе үстіне жара қаптапты» деген ауру түрлерін естіп жататынбыз. Бірақ бұл жолғы індеттің ойысып Ойсыл қараға жеткені жұртты алаңдатып отыр. Түйенің тоң боп қатқан табаны кәдімгі пышақпен сыпырғандай аударылып түсіп жатыр. Ауласындағы азғантай малға азық таппай абдыраған ағайынның бейнетіне мына бір індеттің қосылғаны жығылғанға жұдырық болып тұр, әрине.
Мамандар «некробактериоз» деп пайым жасаған бұл індет бұрын тәжірибеде кездеспеген. Ауданның қыр беткейіндегі өркешті жануарлар арасында кездесіп жатқан осы бір індетке байланысты Қызылорда облысы ветеринария басқармасының Арал аудандық ШЖҚ КМК-ның директоры Қ.Жұмашев:
– Негізі індеттің жұғуы да, қозуы да күн райымен тікелей байланысты. Қазір өзіңіз білесіз, күннің ыстығы соңғы апта бойы бір қалыптан танар емес. Мұндайда табаны ыссы құмға батып жүрген аша тұяқтының жағдайы қиындайды. Негізі, сіз айтып отырған түйе табанының түсу дерегі 1990 жылдары да тіркелген. Десе де ол кездерде қазіргідей әлеуметтік желінің кең тараған уақыты емес. Ол кезде де әр шаруа өз әлінше ем жүргізіп, малдарын жазып алған. Сондықтан бұл ауруды қазіргі уақытта төрт түлік үшін қауіпті аурулар түріне жатқызылмайды. Ауданның қыр беткейі құмды, шөлейтті болып келеді. Түйенің көбі құмда жайылады. Сондай ыстықтан аша тұяққа бактерия түсіп, кейін ол асқыну жағдайына ұласып жатады. Қазіргі таңда осы ауруға байланысты біз жалпы саны 25 малдың ауруы дерегін тіркеп отырмыз. Олардың ішінде жазылып кеткендері де бар. Алдағы уақытта осы жағдайдың неден болғанын нақтылау мақсатында осы ауруға шалдыққан түйе малынан сынама алып, ақылы сараптамаға ұсынбақшымыз. Нәтижесін сол кезде білетін боламыз. Қазіргі уақытта бұл мәселені ушықтыра берудің керегі жоқ секілді. Дерек бар, жоқ емес. Бірақ одан мал қырылып жатыр деуге келмейді. Бәрі де жайлап емделіп кетіп жатыр, – дейді.
«Аусыл» деген төрт түлікті қынадай қыратын тажал індет. Бұл ауруға шалдыққан малдың көбіне аяққа тұрып кетуі екіталай. Ол үшін жақсы күтім мен жан-жақты ем керек. Төрт түлікке күні қараған шаруалардың қазірдің өзінде қуаңшылықпен қатар осы секілді індетпен күресіп жүргені шындық. Оған мына жағдай қосылды. Қарақұм жағында «Жаңғалым» дейтін өңірде мал ұстайтын Ф.Қайырлаев бүгінде «Несібе» шаруа қожалығының төрағасы. Шаруаның айтуынша, биыл мал шаруашылығы саласынан маза кеткен. Шөптің жоқтығы аздай, малға індет жабысқалы жағдай қиындап бара жатқандығын жасырмайды. Қазірдің өзінде әлгі біз тілге тиек еткен түйе малы табанының түсу дерегі бұл жақта да тіркелген.
– Мал ұстаған соң, төскейде малымыз қосылатын көрші қоныстар бар. Ол жақата да Ойсыл қара мен Қамбар атаның тұқымы баршылық. Барлығының жайылатын аумағы бір. Бірге жүрмесе де бір астаудан, бір бұлақтан су ішетін жағдайлар болып тұрады. Менің малды ауылыма жақын маңда «Жолаш» және «Қопақаяқ» дейтін өңірлерде мал ұстайтын шаруалардың айтуы бойынша білдім бұл жағдайды. Өзіме тиесілі түйелердің басын жинап, қораға қамап жіті қарағанымда, 20 бастай түйенің табаны әлгіндей ісініп, жиектері ашылып жатқанын көрдім. Соның 10 шақты басына көрші ауылдан мал дәрігерін алдырып, нақты ем шараларын жүргіздік. Қазір аяқтарын әлсін-әлсін басып келеді. Негізі, бұл уақыт өте кететін секілді. Алдағы қыстан шығып кетсе, ары қарай кетуі де мүмкін. Сондықтан әзірше жағдайды бақылауда ұстаймыз. Мұндай жағдайдың барлығын көбіне жергілікті билік жасырып, жапқысы келеді. Бірақ мәселеге тіке қарап, қажетті шешімді қабылдау керек. Онсыз ауыл шаруашылығы саласын жандандырып жатырмыз, малда өсім бар деп ақпарат беру құр сөз, меніңше, – дейді қожалық төрағасы.
Шаруа мәліметтердің нақты алынбайтынына, жағдайға жауаптылардың жанашырлықпен қарамайтынына налиды. Мал әркімнің өзіне керек. Ол рас. Бірақ малға келген індеттің алдын алып, салдарымен күресуде арнайы мекеменің көбіне мәселеге жүрдім-бардым қарайтыны шаруалардың шымбайына тиіп жатады. Онсыз да әр шаруа өз малы үшін қажетті жағдайды жасап, ем-шараларды өз қаражаттары есебінен жүргізіп жатыр. Жағдай осындай болып тұрған сәтте малды емдейтін мамандардың да телефондарына тыным, өздеріне ұйқы болмай жүргенге ұқсайды. Мұны біз Қарақұм ауылдық округіне қарасты Ерімбетжаға елді мекенінің мал дәрігер маманы Ә.Жанұзақовпен тілдесу барысында білдік. Біздің өзімізбен шұғыл шаруаның үстінде жүріп тілдескен мал дәрігері:
– Қазір малдың ауру жағдайы тым жиілеп кетті. Жалғыз түйенің табаны түсу емес, қос өкпесіне дем жетіспей, төлдердің алқынып өлу дерегі де көп тіркелді. Жақын күндері көршілес малды ауылдарда құлын өлу дерегі жиілеп кетті. Одан бөлек, бұзау мен ботаға да күн туды. Ауылда биылдыққа малынан төл ала алмаған жандар да бар. Бұл жағдайлардың барлығына бірдей біз толық үлгере алмай жатырмыз. Ал сіз айтып отырған түйеге жеткен індетті өз басым растаймын. Тіпті көзіммен де көріп, қолдан келгенше қажетті ем-домын жасадық. Меніңше, бұл аурудан түйе қырылып қала қоймас. Сол түйелердің жайлап аяқтарын басып кетіп жатқанын естіп жатырмыз. Сондықтан Ойсыл қараға жеткен індетпен күресуді біз мейлінше бақылауда ұстаймыз, – дейді.
Осыдан біршама уақыт бұрын түйенің табаны аударылып, түсуге шақ қалған видео әлеуметтік желіде кең тарады. Жақсықылыш кентінің тұрғыны түсірген осы видеодағы түйенің табаны бүгінде жазылған. Осы түйемен бір жайылымда жайылған Ж.Жүсіпәлиев есімді қала тұрғынының да түйесі осыдан 1 аптадай бұрын табаны түсіп, жүре алмайтын жағдайға жеткен. Мал иесі дер кезінде бақылауға алып, дәрілерін алдырып, ем-шараларын жүргізген. Нәтижесінде сол түйелер аяғын қайта басып кеткен.
– Қыр беткейінде «Томарқұдық» дейтін өңір бар. Сол жерде біздің де түйеміз жайылатын. Түйеміздің табаны аударылып жатқанын сол жақтағы шаруа баладан естідік. Дереу осы қалаға алдырып, уақытылы дәрігер бақылауында ұстап, емдік шараларды қолдану нәтижесінде сол түйелер қайта аяқтарын басып кетті. Қазір сол жайылымда. Мұның неден болғанына нақты көз жеткізу қиын. Бәлкім, ыссы топырақ пен сортаң жерлерде көп жүргендіктен бе, әлде шынында індет тарап жатыр ма, белгісіз. Түйеге жабысқан осы бір кеселдің нақты нәтижесін мамандар анықтайды деген сенімдеміз, – деді қала тұрғыны Ж.Жүсіпәлиев.
Осы жағдайды естіген соң өзіміз білетін бірлі-жарым шаруаларға қоңырау шалып, жағдайды білмек болғанымыз рас. Расында, бұл індет барлығында бірдей кездесіп жатқан жоқ. Мәселен, теңіз қолтығындағы «Сарышығанақ» дейтін өңірде мал ұстап отырған «Ерімбет баба» шаруа қожалығында түйелерге мұндай індет келмеген. Қожалық мүшесінің айтуынша, ауданның Сыр беткейдегі түйелер әзір індеттен аман. Қырдағы жағдайды естіген бойда олар да бағымдағы түйелерді жіті тексеріп, бақылау жасаған.
– Түйелерде болып жатқан жағдайды естігенде аздап уайымдағанымыз рас. Сол сәттен бастап түйелерге жіті бақылау жасап тұрмыз. Әзірге мұндай індеттен аманбыз. Соған қарағанда, бұл шынымен де жұқпалы індет секілді. Негізі түйенің өрісі тұрақсыздау болып келеді. Көк қуалап, өріс ауыстыруы бір түнде. Сондайда бірінің ізін бірі басқан түйелерге осындай індет жабысып жатқан болуы мүмкін. Әзірге кесімді шешім жоқ. Мамандар бұл мәселенің неден болып жатқанын анықтау керек. Бұл «мал-жаның аман ба» дейтін қазақ үшін маңызды, – дейді қожалық мүшесі Ж.Барбосынова.
Түйін:Түйе – жаратылысынан ерекше жануар. Ыстық пен суыққа төзімді болып келетін бұл жануарды да індет айналып тапқаны қандай өкінішті. Бәлкім, көп ауыра бермейтін бұл жануарға да көз тиген шығар. Біз бұл жағдайда бейқам қалмауымыз керек. Онсыз да ауданда болып жатқан қуаңшылық қанша малдың қырылуына әкеп соқты. Тіршілігі осы малмен тікелей байланысты ағайын үшін бұл бәрінен маңызды. Теңіз тартылғанда осы маңнан үдере көшкен балықшы қауым көп болды. Ендігі кезек шаруаға да келмесін десек, соңғы уақыттарда болып жатқан мал қырылу деректері мен осындай індеттердің алдын алу басты мәселеге айналуы керек. 
Алтынбек  БИСЕНОВ
10 шілде 2021 ж. 821 0