Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қуануға әлі ерте

Қуануға әлі ерте

Ел ішін жайлаған індеттің қаупі әлі де сейіле қоймағанын мерзімді басылымдар мен күнделікті әлеуметтік желілер арқылы біліп отырмыз. Сол індет алғашында Қазақстанға келді дегенде үрейленген жұрт енді, міне, аталған дерттің белең алғанына үреймен қарайды. Үлкен қалаларды былай қойғанда, аудан, ауылдарға тараған коронавирус бүгінде аудан бойынша қырықтан астам тұрғынды қармағына іліктіріп үлгерді. Сәйкесінше, аудандағы ахуалдың күрделене түсіп, карантин талаптарын қатаң сақтау мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Бұл жағдай расында бізді де алаңдата бастады. Осы уақытқа дейін бұл мәселеге анағұрлым мән бермеген жандар енді ойлануы керек сияқты. Себебі ауру ойнайтын дүние емес.«Сақтансаң сақтаймын» деген ғой. Бейқамдық пен бұл індетке жүрдім-бардым қараудың соңы көп жағдайда қайғылы жағдаймен аяқталып жатқанын естіп те отырмыз. Сондықтан ауданымыз індет ошағына айналып кетпесін десек, карантин талаптарын қатаң сақтауымыз керек. Қазір той тойлайтын емес, керісінше, бірлесе іс қылып, бізге сынақ ретінде келген қауіпті індеттен құтылудың қамын қарастыратын кез. Сонда ғана баяғы қалпымызға қайта ораламыз. Қай істе де қағидалар мен сақтық шараларын сақтасақ, сын сағаттарда да сыр бермесіміз анық.
П.ӘБДЕШОВА,
көпбалалы ана,
қала тұрғыны
06 маусым 2020 ж. 547 0