Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кімге көмек көрсетпеген бұл Арал?!

Кімге көмек көрсетпеген бұл Арал?!

Қайран, Аралым! Теңіздің тартылғаны аздай, халық тынысына дем беріп тұрған дария да дәрменсіз күйге енді. Енді міне, қос бүйірден алған қуаңшылық пен коронавирус. Індет енді, тұтас әлемге төнген қауіп қой. Ол аздай бізге биылғы қуаңшылықтың да тарттырар мехнаты көп болғалы тұр-ау. Жамандық шақырудан аулақпыз. Бірақ жағдай бүгін-ертең оңалмаса, онсыз да қолындағысынан қағылып, шылбыр ұстаған шаруаға ауыр соққы болайын деп тұр.
Тәубе, іргеміз ала-бөтен, қонысымыз да басқа емес. Бұл Арал да талай қиын-қыстауда, таршылықта қолындағысын бөліп, аузындағысын жырып берген өзгеге. Барлығын былай қойғанда, осыдан 100 жыл бұрын аштық құрсауында қалған Поволжье халқына 14 вагон балық жөнелтіп, қайырымдылықтың озық үлгісін танытқаны неге тұрады?! Одан бері қарай да төтенше жағдайға тап болған талай ел-жұртқа жәрдем қолын созды. Енді міне, өтпелі кезеңнің күрделі тұсы бізге де айтарлықтай соққы болып отыр. Көмексіз қалдық деуден аулақпыз. Жан-жақтан жіберілген мал азығы бүгінде тұрмысы төмен отбасыларға келіп жатыр. Елге белгілі азамат Болат Өтемұратов қор есебінен қаншама млн. теңге қаржы аударды. Бұл да үлкен көмек.
Әні-мінемен республикадан бөлінетін қаржыға да қол жетіп жатса, малға мол азық жетіп, жағдай оңалар. Бір сөзбен айтқанда, біз төтенше жағдайда жергілікті билік тарапынан қолға алынған кез келген жағдайға түсіністік танытуымыз керек. Анау ананы айтты деп алашапқынға түспей, жағдайды бағамдай алуымыз қажет. Сабырмен күтсек, көмек барлығына да жетеді. Бастысы, деректің дұрыстығы. Ол үшін қолда барды дерекқорға енгізсек, көрсетілген малдың басына сәйкес әрбір тұрғын мен шаруа тиісті көмек алатын болады. Елдің басына түскен бұл ауыртпалық та өтер. Тек қай істе болмасын сабыр мен бірлік керек.
Жәзи Бертілеуов,
Абай ауылының тұрғыны
26 шілде 2021 ж. 425 0