Қазақстан орман өртімен арпалысқан бауырлас Түркияға көмек жіберді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлар министрлігі суағар құрылғылары бар «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 АМТ 2 тікұшағын және құрамында 16 құтқарушы бар жедел тобын орман өрттерін сөндіруге көмек көрсету үшін Түркия Республикасына жіберілгендігі хабарланды.
— Қазақстандық тікұшақтар бүгін ұшып шықты және үш мемлекетте тоқтап, олардың шекарасы арқылы Түркияның Мұғла қаласына ұшып жетеді, – делінген хабарламада.
Жедел топты Нұр-Сұлтан қаласының әуежайында ТЖМ бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев шығарып салды. Әрі қарайғы қазақстандық құтқарушылардың жергілікті түрік билігімен өзара іс-қимылын Қазақстанның Түркиядағы елшілігі үйлестіреді.
— Қазақстан өртенген аумақтардағы орман жамылғысын қалпына келтіруге гуманитарлық көмек көрсетуге ниетті. Отырғызылған орман қазақ және түрік халықтарының арасындағы достық пен бауырластық байланыстардың символы болады, – дейді Талғат Уәли.