Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзекті мәселе әкім назарында

Өзекті мәселе әкім назарында

Апта басында аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің төрағалығымен әкімдік және аппарат мәжілісті өтті. Мәжіліске қала, кент және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары қатысты. Алдымен әкімдік мәжілісінде ағымдағы жылдың алғашқы алты айында ауданның экономикалық дамуының қорытындылары, 2021-2022 жылғы жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары, 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері және аппарат мәжілісінде аудан бюджетінің игерілуі қаралып, сала басшыларының баяндамасы тыңдалды.
Күн тәртібінде тұрған алғашқы мәселе бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Төлеген Рашев баяндап өтті. Ауданда жыл басынан бері өнеркәсіп орындары 7,2 млрд теңгенің өнімін өндіріп, салыстырмалы көлем индексі 83,3 пайызды көрсеткен.
– Есепті кезеңде аудан бойынша барлығы 318 715 тонна тұз қазылып, 1383 тонна балық, 137 тонна ет, 512 тонна нан және нан өнімдері өндіріліп, 53,2 мың текше метр кварц топырағы қазылды. Ауыл шаруашылық саласы бойынша да көрсеткіштер қалыпты жағдайда. Яғни өсім бар. Бағаны тұрақтандыру мақсатында облыс орталығында – 2, ауданда 9 рет жәрмеңке ұйымдастырылды. Сондай-ақ ауданда 416 адам тұрақты, 738 адам қоғамдық жұмысқа орналасып, 1630 жаңа жұмыс орындары ашылды,– деді сала басшысы.
Әкімдік мәжілісінде көтерілген 2021-2022 жылдағы жаңа оқу жылына аудандағы мектептер мен балабақшалардың дайындығы туралы білім бөлімінің Арал ауданы бойынша басшысы Санира Жанназарова баяндама жасап, қазіргі таңда білім бөліміне қарасты 50 мектеп, 4 қосымша білім беру ұйымы және 54 мектепке дейінгі білім беру ұйымында жаңа оқу жылына байланысты дайындық жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқандығын атап өтті.
– Ең алдымен пандемия жағдайында қалыптасқан оқытудың дидактикалық мүмкіндіктерін басшылыққа ала отырып, мектеп және балабақшаларда оқытудың қандайда болмасын мемлекеттік бас санитарлық жоба бойынша қабылданатын форматына онлайн немесе офлайн көшіруге арналған шаралар толықтай үйлестіріліп отыр. Барлық білім беру мекемелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды, – деді С.Нұрқожақызы.
Сонымен бірге ауданда алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанқожа Құдайбергенұлы өз баяндамасында кеңінен тоқталды.
– Аудан бойынша әлеуметтік маңызы бар 89 нысан бар. Жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында аудан әкімінің өкіміне сәйкес арнайы штаб құрылды. Бүгінгі күні барлық әлеуметтік нысандарға жоспар бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жылу беру маусымына қажетті отын жеткізетін мердігермен келісімшарт жасау жоспарланған мерзімде атқарылмақ,– деді бөлім басшысы.
Бұдан бөлек, аппарат мәжілісінде ағымдағы жылы аудан бюджетінің игерілуі туралы мәселе қаралып, аудан әкімінің орынбасары Ербол Талекеновтің баяндамасы тыңдалды. Күн тәртібіне қойылған мәселелер төңірегінде кемшіліктер де жоқ емес. Өз кезегінде тиісті сала басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне қордаланған мәселенің шешімін табуды қадап айтқан аудан басшысы С.Сермағамбетов күн тәртібіндегі жұмыстарды үнемі назарда ұстайтындығын жеткізді.

"Толқын" ақпарат
09 тамыз 2021 ж. 459 0