Тәуелсіздік белесі : Жаңалығы көп жыл болды
1999 жыл. Ғасыр тоғысында тұрған жылда ауданда ауқымды жұмыстар атқарылды. Десе де ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында жылдық жоспар орындалмады. Мұның басты себебі, өнеркәсіптің тоқырауы мен шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасының толық орындалмауы болды. 1999 жылы өнеркәсіп мекемелері 292,5 млн теңгенің өнімін шығарды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 110 млн теңгеге кем.
Ауыл шарауашылығы саласында 187,4 млн теңгенің өнімі өндірілді. Ауданда 771 гектар жерге егін егілді. 300 гектар күріш алқабынан 890 тонна өнім алынды. Диқандар 157 гектар бақшалықтан 948 тонна өнімге қол жеткізді. Осылайша егін егу көлемі 1,5 есеге артқан.
Елдегі экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы, жалақының уақытылы төленбеуі ауданда орын алған қылмыстың да қатарын көбейтіп жіберген еді. Осыған орай 1999 жылы аудандық ішкі істер бөлімінің бастамасымен «Бақылау», «Денсаулық», «Құқық тәртібі» шартты атауларымен қылмысты тежеуге бағытталған оперативтік шаралар оң нәтижесін бере бастады.
Осы кезеңде елдегі жұмыссыздық деңгейі де біршама азайды. 315 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, 579 адам қоғамдық жұмысқа тартылған. Ал 160 адамға өз кәсібін бастау үшін 400 АҚШ доллары көлемінде шағын несие берілген.
Бұл жылы қол жеткізге ең үлкен жетістік – ол аудан халқы таза ауызсу желісімен қамтылуы болатын. 1999 жылдың желоқсан айында аталған мәселеге қатысты жедел жобаның тұсаукесер рәсіміне сол кезде облысты басқарған Серікбай Нұрғисаев, аудан әкімі болып қызмет атқарған Айтбай Көшербай және республика мен облыстағы су шаруашылығы комитетінің басшылары мен шетелдік мамандар қатысты.
«Арал өңіріндегі экологиялық қасіреттен зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңның кейбір баптарының 2003 жылға дейін тоқтатылуына байланысты әлеуметтік көмекке бөлінетін қаржы азайып кеткен. Осы себепті коммуналдық жеңілдіктер қарастырылып, көпбалалы отбасыларға 360 мың теңге көлемінде көмек көрсету қаралған.
Тоқырау жылдарында Жіңішкеқұм ауылында 2 жылға жуық уақыт электр жарығы тоқтап қалған болатын. 1999 жылы ауыл халқы электр желісіне қайта қол жеткізді. Қысқа мерзім ішінде 70 шақырымдық қираған желі қайта қалпына келтірілді.
Әрине, бір салада өсім болса, енді бір саланың кенже кетуі заңдылық. Десе де тәуелсіздіктің арқасында еліміз дамудың даңғыл жолына түсіп, халықтың көкейіндегі мәселелер оң шешімін таба бастады. Әсіресе ауызсу мен электр жарығына қол жеткізу өркениетті өмірге қадам басқанымызды айқындай түскендей. ХХ ғасырды осындай жетістіктермен аяқтаған аралдықтар жаңа ғасырда жаңа белестерге көтерілуді мақсат етті.
Н. МАРАТ