Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жетістік биігіндегі ұжым

Жетістік биігіндегі ұжым

Қазіргі күні спорттың дамуына үлкен басымдық берілуде. Аудан аумағында көптеген спорттық нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Соның ішінде қала халқы арасында салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту, жастарды дене шынықтыруға тәрбиелеу мақсатында 2009 жылы ашылған «Арал спорт клубы» КММ-ның орны бөлек. Он жылдан артық тұрақты жұмыс жасап тұрған нысанның бүгінгі жұмыс барысымен танысқан едік.

Алғашқыда кәсіпорын теңгерімінде тек жиналмалы модульді бассейн ғана болды. Қазір спорт кешенінің материалдық-техникалық базасы нығайып, аяғына нық тұра бастады. Әсіресе 2011-2012 жылдар аралығында кәсіпорын өз қызмет аясын ұлғайтып, ақылы қызмет көрсету арқылы тапқан табысымен және құзырлы басшылыққа өздеріндегі өзекті мәселені дер кезінде жеткізе білгендігінің арқасында өз жұмыстарын жолға қоя алды.
– Негізінен  спорт клубының орналасқан аумағы стратегиялық тұрғыдан жан-жақты дамытуға өте қолайлы. Кешеннің негізгі мақсаты бұқаралық спортты дамыту болғандықтан, мұнда келушілерге барлық жағдай жасау, сауықтыру саябағына айналдыру жоспарлануда. Қалада ғана емес, алыс ауылдық жерлерде де біздің қызметкерлеріміз спортпен шұғылданамын деушілерді жаттықтырып жүр. Жалпы, 18 жаттықтырушы болса, 9 жаттықтырушы қала бойынша. Ал қалған 9 жаттықтырушы Сексеуіл, Жақсықылыш кенттері мен Қамыстыбас, Қарақұм, Қызылжар, Аманөткел, Ерімбетжаға, Құланды, Жіңішкеқұм сынды ауылдарда жастарды спортқа баулуда, – дейді «Арал спорт клубы» КММ-ның директоры Жалғас Бітімбаев.
Жалпы, спорт клубында шағын футбол, волейбол, баскетбол, қазақша күрес, грек-рим күресі, бокс, қол күресі, гір спорты, үстел теннисі, жеңіл атлетика, асық ату сынды спорт түрлері бойынша 108 топ тіркелген. Аудан бойынша спорт клубында 3240 адам тұрақты түрде спортпен шұғылданып жүр.
– Жаттықтырушыларымыз өз істерінің мамандары деп айта аламын. Мәселен, гір спорты бойынша жаттықтырушы Қайрат Тазақов халықаралық дәрежедегі спорт шебері, гір спортынан ІІ дүркін әлем чемпионы. 2018-2021 жылдар аралығында осы спорт түрінен 1 әлем, 5 Азия чемпионын дайындап шығарды. Бұдан бөлек, осы жылы аталған жаттықтырушыдан тәлім алған Айнұр Майханова мен Қарлығаш Жұмағұлова осы жылы Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында әйелдер арасында қол күрестен өткен Азия чемпионатына қатысып, чемпион атанды. Мұнана өзге де республика, облыс көлемінде жеткен жетістіктеріміз баршылық, – дейді клуб басшысы.
Спорт клубының орналасқан жеріне арнайы ат басын бұрғанымызда, мұндағы ерекше көгалдандыруға риза болдық. Жасыл желекпен көмкеріліп, гүлзарлы бақ жасалған. Мұның бәрі осында келіп, спортпен шұғылданғысы келетін қала тұрғындарына жақсы көңіл күй сыйлайтыны белгілі. Бұл ғана емес, қазірде аталған мекеме өз жұмысын жан-жақты дамытып, спорт сүйер қауымды жағымды жаңалықтарымен қуантуды жоспарлап отыр.

Н. БАҚЫРАН

14 тамыз 2021 ж. 473 0