Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоқаев Ауғанстандағы этникалық қазақтарға қатысты маңызды шешім қабылдады

Тоқаев Ауғанстандағы этникалық қазақтарға қатысты маңызды шешім қабылдады

Қазақстан президенті Ауғанстандағы этникалық қазақтарға барынша көмек беруді тапсырды. Бұл туралы сырты істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Ауғанстандағы этникалық қазақтардың өтінішіне байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер министрлігіне олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және қажет болған жағдайда тарихи Отанына қайтару мәселесі бойынша барынша көмек көрсетуді тапсырды», – деді Смадияров арнайы брифингте.
Қазіргі кезде Ауғанстандағы елшілікке тиісті тапсырма берілді. Осы орайда Смадияров ауған жерінде мыңдаған қазақ бар деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Бізде бар мәліметтерге сәйкес, Ауғанстан аумағында 15-ке жуық этникалық қазақ отбасы тұрады. Ол шамамен 200 адам. Ал кейбір қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары ауған жерінде бірнеше мың қазақтың тұратыны туралы тексерілмеген ақпарат таратты. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Осыған байланысты ақпаратты мұқият тексеріп отыруды және халықты дүрліктірмеуді сұраймыз», – деп түйіндеді Смадияров.
Оның айтуынша, соңғы кезде елшілікке өздерін «қазақпыз» деп таныстыратын түрлі топтар жиі келе бастаған. Бірақ іс жүзінде ешқандай дәлелі жоқ.
«Олардың кейбіреуі қазақ тілінде сөйлей алмайды. Сондай-ақ, ата-бабаларының Ауғанстан аумағына қоныс аудару тарихы мен ру-тайпалық байланыстары туралы айта алмайды. Біз этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуына көмек көрсету туралы өтініштерге мұқият тексеріс жүргіземіз», – дейді министрліктің ресми өкілі.

kyzylorda-news.kz​​​
18 тамыз 2021 ж. 308 0