Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 332 талапкер – мемлекеттік грант иегері

332 талапкер – мемлекеттік грант иегері

14 тамыз күні биылғы мектеп бітіруші түлектер үшін айрықша сәтті күн болды. Бұл күні Қазақстан Республикасы  Білім және ғылым министрлігі білім беру гранттары иегерлерінің тізімін жариялап, жоғары оқу орнына мемлекеттік грантқа ие болған талапкерлер анықталды.
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша гранттардың жалпы саны 5 мыңға артты. Яғни өткен жылы 51 мың грант бөлінсе, биыл 56 мыңға дейін ұлғайды. Республика бойынша 75 мыңнан астам талапкер құжат тапсырған еді. Өңірімізде 5 184 оқушы мемлекеттік грантқа өтініш берген, олардың 3 849-ы тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Ал Арал ауданы бойынша мемлекет тарапынан ұсынылатын грантқа 456 түлек өтініш беріп, 332 мектеп бітіруші жоғары оқу орнында мемлекеттік грант негізінде білім алатын болады. Былтырғы жылғы грант иегерлерімен салыстырғанда биылғы мемлекеттік грантқа ие болған түлектер санының 31 талапкерге артып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады.
Биылғы оқу жылында Арал  ауданында 874  түлек орта білім беру ұйымын тәмамдаған. Оның ішінде 591 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш берген. Айта кетерлігі, биылғы оқу жылында ауданда 69 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, олардың 67-сі грантқа ұсыныс беріп, 60 талапкер таңдаған мамандықтары бойынша мемлекеттік грантпен жоғары оқу орнына түсті.
Бөлінген гранттар әртүрлі бағытта рәсімделді. Атап айтқанда, 126 талапкер педагогика саласы, 38 талапкер медицина бағытында, 89 түлек техникалық мамандықтарға, 23 үміткер ауыл шаруашылық мамандығы бойынша таңдау жасаса, ал 55 түлек басқа да бағыттағы маман иесі болуды таңдаған.
Мемлекеттік грант бойынша қаладағы №220, №14, №62, №83, №13 және №19, №57, №73 аудандағы мектеп түлектерінің көпшілігі мемлекеттік грант иегері атанса, №20, №2 мектеп-интернат, №58, №61, №68, №75, №82 мектептерден конкурсқа қатысқан түлектердың барлығы мемлекеттік грантқа ие болды. Сөйтіп, ұстаз мәртебесі тағы бір еселеніп, тақым қысып, осы сәтті ұзақ күткен ата-ананың да тілегі қабыл болды.
– Әр жыл сайын №220 орта мектеп түлектері ҰБТ-дан жақсы нәтиже көрсетіп, мемлекеттік грант иегері атанып келеді. Өткен жылғы нәтиже ойдағыдай болды. Биылғы оқу жылында 11 сыныпты 44 түлек бітірсе, 36 бітіруші түлегіміз мемлекеттік грантқа өтініш білдіріп, 30 түлегіміз мемлекеттік грантқа ие болды. Бұл ретте әрбір шәкіртіне өз жүрегінен орын беріп, болашағынан үлкен үміт күтіп, бар еркелігін көтеріп, қалаған мамандығының грант иесі болуына күш-жігерін жұмсаған ұстаздар қауымы мен балаларының болашағы үшін бәйек болған ата-аналардың да еңбегі өлшеусіз. Шәкірттеріміздің білім сынынан сүрінбей өтіп, биіктен көрінуі мектебіміздің 50 жылдық мерейтойына тарту іспетті болды. Бұл біз, ұстаздар қауымы үшін еңбегіміздің ақталғаны, зор жетістік, ерекше қуаныш деп білеміз, – дейді №220 орта мектеп директоры Әліби Әбілбаев.
Сонымен бірге іргелі білім ұясы – №62 Ж.Әбдірашев атындағы мектеп-лицейдің 30 түлегі жалпы конкурсқа қатысып, олардың 24-і қалаған мамандықтары бойынша еліміздегі жоғары оқу орындарының студенті атанды.
Осы №62 мектеп-лицейдің түлегі Саят Махамбет өзі армандаған оқу орнына түсті. Ол енді Алатау баурайындағы Алматы қаласында білімін жалғастыратын болады.
– Өмірімдегі ерекше күнді бастан кешудемін. Мектепті «Алтын белгімен» бітірдім. ҰБТ-дан жоғары көрсеткішке жеттім. Бала күнімнен қазіргі заман талабына сай ақпараттық жүйені меңгерсем деген арманым болатын. Әсем қала Алматыда оқысам деген мақсатпен қаладағы жоғары оқу орындарынан төрт мамандықты таңдадым. Конкурс нәтижесінде Сүлеймен Демирел атындағы университеттің «Ақпараттық технология»  факультеті бойынша мемлекеттік грантқа ие болдым. Осы орайда шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында аянбай тер төккен мектеп ұжымына, ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Қашанда жаныма демеу болып, қолдап жүрген ата-анама ризамын. Барлық түлектерге де сәт-сапар тілеймін, – дейді Саят көңілі алып-ұшып.
Бір жылдан астам уақыттан бері қалып­тасқан эпидахуалға байланысты өткен жылы еліміз бойынша оқу процесі онлайн форматта жүргізілгені баршамызға белгілі. Осы тұрғыда ата-аналардың балаларының білім сапасына байланысты алаңдаушылығы болғаны рас. Әрине, бұл орынды пікір. Дегенмен, білім беру ұйымдарына дер кезінде барлық мүмкіндік қарастырылғандықтан, білім сапасы өз деңгейінде еке­нін биылғы грант иегерлері дәлелдеп бергендей. Осындай жоғары нәтиже көрсеткіші шәкірттері шыңға шыққан білім ордасының ұстаздары мен ата-аналары бірлесе атқарған жұмысының жемісі деп білеміз. Түлектерімізге сәттілік тілейміз!

К. МАХСҰТҚЫЗЫ
20 тамыз 2021 ж. 825 0