Қандастар үшін ҚР азаматтығын рәсімдеу тәртібі жеңілдетілді
Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап тарихи отанына оралған этникалық қазақтар үшін 4 мемлекеттік қызмет «бір өтініш» қағидаты бойынша көрсетіле бастады.
Еңбекминінің мәліметіне сәйкес «Кандас мәртебесін беру немесе ұзарту» қызметі қоныс аударушыларға қажет тағы үш қызметпен бірге көрсетіледі.
Осылайша, көрсетілетін қызметті алушы жоғарыда аталған мемлекеттік көрсетілетін қызметке өтініш бергеннен кейін «Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу», «Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдауды, қалпына келтіруді және одан шығуды тіркеу» қызметтерін пайдалана алады.
«Бір өтініш» қағидаты бойынша қызмет көрсету мерзімдері:
– қандас мәртебесін беру немесе ұзарту – 4 жұмыс күні;
– қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу – 14 жұмыс күні;
– шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру – 45 күнтізбелік күн;
– Қазақстан Республикасының азаматтығын алуды, қалпына келтіруді және одан шығуды тіркеу – 30 жұмыс күні.
Құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
Осы композиттік мемлекеттік қызметті алу мақсатында қандастарға бірыңғай тізбеге сәйкес тиісті құжаттарды ұсыну жеткілікті.
baq.kz