Елбасы қорының стипендиясын қызылордалық студент жеңіп алды
Биыл «Елбасы қорының Стипендиясы» байқауына еліміздің барлық өңірінен 350-ден астам студенттер мен магистранттар қатысты.
Олардың арасынан тек 80 үміткер ғана үздіктер қатарынан көрінді. Солардың қатарында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3 курс студенті Ақжайық Тәжі бар. Ол Қызылорда облысы бойынша Елбасы стипендиясы мәртебесін иеленген жалғыз қызылордалық. Қазіргі таңда педагогика және психология мамандығында білім алуда.
«Әрбір студент іздену жолында жүріп, ешқашан бір орында тоқтап қалмау керек. Жастарға көп мүмкіндік жасалған. Байқау туралы әлеуметтік желідегі жаңалықтар арқылы білдім. Сол уақыттан бастап Елбасы стипендиясының сайтын оқып, алдыма мақсат қойдым. Құжаттарымды дайындауға 2 аптадай уақыт кетті. Маған жетістікке жету жолында гуманитарлық-педагогикалық институт директоры Сағат Тайман мен педагогика-психология кафедрасының меңгерушісі жан-жақты қолдау көрсетті. Елбасы стипендиясына іліну менің көптен күткен арманым болды. Білікті бірді жығар, білімді мыңды жығар демекші, жас кезде барлық мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Сонда ғана еліміздің одан әрі өркендеп, дамуына үлес қоса аламыз», – деді Ақжайық Тәжі.
kyzylorda-news.kz