Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Темір жолдан төнер қауіп көп

Темір жолдан төнер қауіп көп

Биылғы оқу жылы жағымды жаңалықпен басталды. Ұзақ уақыт онлайн форматта оқыған оқушылар мектеп партасына қайта оралды. Осыған сай оқушылардың вирустан ғана емес, жол қозғалысы каупінен де сақтау баршамызға ортақ міндет. Қаладағы №13, №64, №71, №262 сынды мектептерге мыңдаған оқушылар барады. Олардың көбі темір жолдың келесі бетінде қоныстанған. Соған сай оқушылар темір жолдың кез келген жерінен кесіп өтіп қатынап жүр.
Осы себепті балалар оқыс оқиғаға тап болмас үшін ата-аналар мен ұстаздар тарапынан темір жолдан өткенде қауіпсіздікті сақтап, темір жол көпірі бар жаяу жүргіншілерге арналған арнайы өткелдер арқылы өтуін бақылауда ұстап, ескертіп отырса дейміз.
 Биылғы жылдың 7 айында 37 адам темір жол бойынан өту ережесін бұзған себепті полиция қызметкерлері айыппұл салған. Ал 9 тамыз күні 4 сынып оқушысы Арал теңізі станциясында қозғалып бара жатқан тұз тиелген вагонға жабысқан. Өз қателігінен қолы шығып кетіп, бір аяғын пойызға бастырып алды. Осыған ұқсас жағдай Жақсықылыш кентінде де 2017 жылы болған еді. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда баланың жарақаттануына ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруы себеп болып жатады. Ересектердің өзі жол ережелерін сақтамайды. Сіздердің әр әрекетіңіз – балаға берген тәрбие. Бала сіздің жасағаныңызды қайталайды. Сондықтан әр адам темір жол ережелерін қатаң сақтап, белгі беретін дыбыстарды тыңдап, ескертулерге құлақ асып, басқаларға, әсіресе балаларға үйретіп отыруы керек. Темір жол – қауіпті аймақ және солай болып қала береді. Вагондардың астынан өтуге әрекеттенбеңіз, себебі пойыз кез келген уақытта қозғалып кетуі мүмкін.
Азаматтардың денсаулығын сақтаудың бірден-бір кепілі – жеке бастың қауіпсіздік ережелерін сақтау екенін естен шығармаған жөн. Елімізде темір жол бойындағы қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан қайғылы жағдайлар орын алып жатыр. Оны бәріңіз де ақпарат құралдары арқылы естіп, біліп отырсыздар.  Балаларымыздың аман-сау болуына әрбіріміз жауаптымыз. Сондықтан орын алған оқиғалардан сабақ алып, темір жол бойындағы қауіпсіздік ережесін ұдайы ескертіп отырайық.
Т. ОРЕКЕШОВ,  
Арал теңiзi станциясы бастығының орынбасары
18 қыркүйек 2021 ж. 415 0