Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ырғыз ауданымен шабындық және жайылымдық жерлерді пайдалану туралы меморандумға қол қойылды

Ырғыз ауданымен шабындық және жайылымдық жерлерді пайдалану туралы меморандумға қол қойылды

Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетов аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы және жер қатынастары бөлімінің мамандарымен бірге Ақтөбе облысына қарасты Ырғыз ауданында болды.Ауданнан барған делегация Ырғыз ауданының әкімімен, шаруа қожалық иелерімен және дербес бөлім басшыларымен кездесіп, шабындық жерлерден ауданға мал азығын жеткізу мәселелерін талқылады. Кездесуде аудан басшысы Ырғыз ауданының әкімі Әділкерей Сағидуллаұлымен бірге мал азығын дайындау мақсатында шабындық және жайылымдық жерлерді пайдалану туралы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Аталған меморандум өңірдегі табиғат салдарынан туындаған қуаңшылық жағдайына байланысты төрт түлікке қажетті мал азығын дайындау мақсатында өзара келісім арқылы көршілес өңірден шөп тасымалдау үшін жасалған.

Жиында аудан әкімі сөз алып қысылтаяң шақта қиындықты еңсеру үшін шынайы көңілмен көмек қолын созған Ырғыз халқына ризашылығын білдіріп, аудан әкімдігі мен шаруа қожалық иелеріне алғыс хаттар табыстады.

Атап өтейік, бұған дейін шілде айында аудандық делегация Ырғыз өңірінде болып, жергілікті шаруа қожалық иелерімен кездесіп, шөптің қолжетімді бағада сатылуы мен шабындық жерлерден шөп ору жөнінде келісім жасасқан болатын. Осы келісім негізінде бірнеше шаруа қожалық иелері аралдық шаруаларға шабындық жерлерін ұсынды. Қазіргі таңда аталған жерлерден орылған шөп ауданға жеткізілуде.

Ал бүгінгі жасалған меморандум негізінде Жайсаңбай өңіріндегі 15 мың гектар шабындық алқабынан селолық тұтыну корпоративтері арқылы шөп ору мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.







Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
01 қазан 2021 ж. 488 0