Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі шаруа қожалық иелерін қабылдады

Аудан әкімі шаруа қожалық иелерін қабылдады

Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетов мал шаруашылығымен айналысып отырған жергілікті шаруа қожалық иелерін арнайы қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Басқосу барысында шаруа иелерінің жай-күйі, қысқы мал азығын әзірлеу бағытындағы жұмыстарының барысы турасында сөз қозғаған аудан басшысы бұл кездесу арнайы осы бағытта туындап жатқан мәселелерді кеңінен талдап өтуге арналғанын жеткізді.

Осы ретте сөз тізгінін жалғаған шаруа қожалық иелері бүгінде мемлекет тарапынан бөлінген қолдау шараларына сәйкес субсидия алуға қол жеткізілгендігін айтып, бұл өз кезегінде қуаңшылық салдарынан қиындық көрген шаруаларға айтарлықтай көмек болғандығын айтты. Дегенмен, төрт түлікке бөлінген субсидия көлемінің өзге өңірлермен салыстығанда төмен екендігін тілге тиек еткен шаруалар, осы мәселені оңтайлы шешуге қолдау жасалса дейді. Бұл бағытта аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жәнібек Жұбанов қазіргі таңда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына арнайы ұсыныс хат жолданғандығын жеткізді. Мұнан бөлек, қазіргі таңда мал ұстап отырған шаруалар үшін төл басын тіркеу бағытында сырғалау мәселесі де өзекті болып отыр. Аталған мәселені реттеу бағытында жергілікті кәсіпкерлерді тарта отырып, сырға жасауды ауданнан жүзеге асыру бағытында жұмыстар жоспарланып отырғаны жайлы аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев хабарлап өтті.

Жалпы қазіргі таңда өңір шаруаларына қысқы мал азығын қамдау оңайға түспей отырғаны белгілі. Соған сәйкес аудан басшысы алдағы уақытта жергілікті жерден мал азығын дайындаудың маңыздылығына тоқталып, малға қажетті азықты өндірем деген тұрғындарға барынша қолдаулар жасалатындығын жеткізді. Мұнан бөлек, тек мал бағу бағытынан өзге аудан жұртын жергілікті өнімдермен қамтамасыз етуді жолға қою қажеттілігіне тоқталған аудан басшысы, аудан аумағынан бордақылау алаңдарын ашу, шұжық цехын салу, түрлі ет өнімдерін шығару, мал етін сұрыптап сатуды жолға қоюдың маңыздылығына тоқталды. Аталған ұсынысты жүзеге асыруға ниетті кәсіпкерлерге жер беру, қолдау шараларын көрсету бағытында барлық мүмкіндіктер жасалатындығын жеткізді. Дегенмен алдағы қыстан малды аман-сау шығару бағытында көршілес Ырғыз ауданының жайылымдық жерлеріне аудан шаруа қожалықтарын орналастыруға арнайы келіссөздер жасалғандығын және осындай шараларды қабылдау бағытында Қарағанды облысы, Ұлытау ауданынан да жайылымдық жерлерді қарастыру үшін келіссөздер жасалып жатқаны айтылды.

Шаруа иелерін толғандырған мәселелер кеңінен пысықталған басқосу соңында аудан әкімі тиісті сала басшыларына жергілікті жерде жоңышқа шөбін өсіруге бағыт-бағдар беретін мамандарды тарта отырып, облыстық деңгейдегі түрлі ганттық жобаларды ауданға тарту жөнінде тапсырма жүктеді.


Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

29 қыркүйек 2021 ж. 578 0