Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Беларанда шаруа қожалықтарының саны артып келеді

Беларанда шаруа қожалықтарының саны артып келеді

Келесі есепті кездесу Беларан ауылдық округіне қарасты Құланды елді мекенінде өтті. Мұнда да алдымен ауылдық округ әкімі Д.Қожахметов пен учаскелік полиция инспекторы Б.Серікбай атқарылған істер бойынша есепті баяндама жасады.
Баяндау барысында Досжан Қожахметов Беларан округінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар аясында халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бірқатар игі жұмыстардың атқарылғанын, сондай-ақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша мал басының артқанын тілге тиек етті. Округ тұрғындарының негізгі тіршілігі мал шаруашылығы болып келеді. Өткен жылы округ бойынша «Төрт ағайын», «Қай-Нұр» және «Парасат» шаруа қожалықтары ашылып, жұмыстарын бастады.
Сонымен қатар, 2019 жылы аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 6 адам жұмысқа орналасқан. Оның ішінде, 1 адам тұрақты жұмыспен, 3 адам маусымдық жұмыспен, жастар практикасымен 1 адам және қоғамдық жұмыспен 1 адам қамтылған.
Ауыл тұрғыны Ахметова Мархаббат «Бизнес Кеңесші» бағдарламасы арқылы оқып, жылқы малын өсіруге 1 400 мың теңге несие алып, жұмысын бастаған. Ауылдық округ әкімі осылайша жыл көлемінде атқарылған жұмыстар легін саралап өтті. Одан соң аудан әкімі М.Оразбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен алдағы міндеттерді баяндады.
Ауыл тұрғындары өз кезегінде Құланды елді мекеніндегі медициналық бекетті Сексеуіл кентіндегі ауылдық емханаға қарату бойынша заңға сәйкес жұмыс жүргізу және Құланды елді мекеніндегі электр желісін жаңарту мәселелерін аудан басшылығына жеткізді. Сауалдарға жауап қайтарған аудан басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.
Жиын соңында өткен жылда атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдірген ауыл тұрғындары ауыл әкімі мен аудан әкімінің есептеріне оң бағаларын берді
Аудан әкімінің баспасөз қызметі..
21 қаңтар 2020 ж. 723 0