Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіқалықова: Жылу беру маусымына дайындықта кемшіліктер болмауы керек

Гүлшара Әбдіқалықова: Жылу беру маусымына дайындықта кемшіліктер болмауы керек

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жөніндегі көшпелі облыстық штаб отырысы өтті.
Жиынға облыстық мәслихат хатшысы, облыс әкімінің салалық орынбасары, жауапты басқарма мен департамент басшылары, қала әкімі және аудан әкімдерінің салалық орынбасарлары қатысты.
Жылу беру маусымының басталуына небәрі 10 күннен астам уақыт қалды. Бүгін Қызылорда қаласындағы бірқатар нысанның жұмысымен танысып қайттым. Кейбір нысандар дайындықты қажет етеді. Жылу беру маусымына дайындықта кемшіліктер болмауы керек, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиында аймақтың жылу беру маусымына дайындық барысы туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев хабарлама жасады.
2021 жылы «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорнының №9 қазандығын, №3 турбогенератордың бөлшектерін ауыстыру, турбиналық қызметтің технологиялық құбырларын және Оңтүстік қазандықтағы №7 ВОNО SG қазандығын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кәсіпорында 10 күндік авариялық қоры 4,6 мың тонна мазут жасақталған. Бүгінгі таңда қаладағы жылу желілері сумен толтырылып, жоғарғы қысыммен сынақтан өткізілді, жылу беруге дайын.
«КазТрансГазАймақ» АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалы алдағы жылу беру маусымына дайындық жүргізу үшін 50 дана ГРП мен 208 дана ШРП-ға ағымдағы жөндеу жұмыстары 100%-ға орындалды.
Сондай-ақ, «Қызылорда Су жүйесі» МКК бойынша 1,5 шақырым ауыз су және кәріз жүйелеріне, ауыз су қысымын көтеру станциясының 4 дана насос жабдықтарына ағымдағы жөндеу жұмыстары 100%-ға орындалған. Әлеуметтік сала нысандарына алдағы жылу беру маусымында 33 мың тонна қатты және 25 мың тонна сұйық отын қажет. Зерделеу барысында әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына қажетті қатты және сұйық отынға келісім шарттары жасалғаны, сонымен бірге отын сақтайтын қойма, резервуарларының көлемінің шектеулі болуына байланысты қажеттіліктің тек 65 пайызы жеткізілгені анықталды. Қалған көлемі келісім шарт талаптарына сәйкес кезең кезеңімен жеткізіледі.
Сонымен бірге, жоспарланған 527 білім, 288 мәдениет, 247 денсаулық сақтау нысандарына және 708 кіші қазандықтарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда әлеуметтік нысандардың дайындық паспорттарының 99 пайызы алынғаны белгілі болды.
Бүгінгі күні тұрғындарға қажетті көмірдің 64 пайызы өңірге жеткізілген. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде көмір отынының бағасы өткен жылғымен салыстырғанда тұрақты.
Басқарма басшысының айтуынша, ағымдағы жылдың желтоқсан айында Сырдария өзенінің сол жағалауында жаңадан 14 көпқабатты пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің магистралды және кварталішілік жылу құбырларының құрылысы жоспарға сәйкес жалғасуда. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін толық аяқталады. Аймақ басшысы жылу беру маусымы өз деңгейінде өтіп, тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс жасауларын қажет екенін атап өтті.
Жиында әлеуметтік сала нысандарының дайындығы да пысықталды. Алдымен денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жалғас Үсенов атқарылған жұмыстарды тізбектеді.
2021-2022 жылдарға арналған жылу маусымына денсаулық сақтау ұйымдарының отын қорына барлығы тиісті қаржы қаралып, келісім-шарт жасалынды. Бүгінгі күні 32 денсаулық сақтау ұйымдарынан 21-і қысқы маусымға дайындығы жөнінде паспорты алынды. Қалған медициналық ұйымдар қысқы маусымға дайындығы жөнінде паспорт алу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Аймақ басшысы денсаулық сақтау нысандарындағы жылу маусымына дайындық барысы тікелей бақылауында болатынын айтты.
Денсаулық сақтау саласына қарасты нысандарда қатты отынмен қамту 54 пайызды құрап отыр. Келісім-шарт жасалғанмен, жеткізілу әлі де төмен. 10 қазанға дейін сала нысандарын көмірмен қамтуды 100 пайызға орындаңыз. Нәтижесін тікелей өзіме баяндайсыз, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Білім саласы бойынша облыстық білім басқармасының басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов баяндады.
Жылу маусымына қажетті қатты және сұйық отынның қажеттілігі барлығы 40871,1 тонна оның ішінде: қатты отынға 25145,6 тонна, сұйық отынға 15725,4 тонна. 2021 жылы отын қорын сатып алуға облыс бюджетінен қажетті қаржы бөлінген. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп, толық жылу маусымына қажетті отын қорына келісім-шарт жасалған. 15 қазанға дейін қалған 1257,1 тонна қатты отын қоры жеткізілмек. Ал, қалған сұйық отын қоры жылу қазандықтарының сыйымдылығына қарай келісім-шарт бойынша жеткізіледі. Білім басқармасына қарасты білім беру нысандарының жылу маусымына дайындық паспорттары толық алынған. Облыс әкімі білім нысандарында да қажетті сұйық отынмен қамтамасыз ету көрсеткішін 10 қазанға дейін 100 пайызға жеткуді жүктеді.
Сонымен қатар штаб отырысында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенова атқарылған жұмыстарға тоқталды.
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 табиғи монополия субъектісінің тарифінің қолдану мерзімі аяқталуына байланысты департамент тарифтерді төмендетті.
Атап айтқанда, «Қызылордажылуэлектрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына жылумен жабдықтау қызметіне тариф тұрғындар үшін 5,6 пайызға, «Теміржолсу-Қызыл-Орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сумен жабдықтау қызметіне тариф тұрғындар үшін 8,2 пайызға төмендетілді.
Жиын соңында облыс әкімі 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымының тұрақты өтуін, барлық көпқабатты тұрғын үйлердің жылу беру маусымына дайындығын ағымдағы жылдың 5 қазанына дейін қамтамасыз етуін, Наурыз, Махамбет елді мекендерін газдандыру жұмыстарын мерзімінде бастап, жыл соңына дейін бөлінген қаржының игерілуін бақылауға алуды жүктеді. Сондай-ақ, тиісті кәсіпорындармен бірлесіп, коммуналдық төлемдерді жинақтау, мекемелер арасындағы берешек қарыздарды болдырмау мақсатында жұмыстар атқару, күрделі жөндеу жұмыстары біткен 5 білім беру нысанының құжаттандыру жұмыстарын аяқтау және газ жүргізілген аймақтардағы білім беру нысандарының қазандығын газға алмастыру бойынша ұсыныс әзірлеу жүктелді.
Жиында көтерілген тапсырмалардың орындалу барысы облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовтің бақылауында болады.


kyzylorda-news.kz
02 қазан 2021 ж. 328 0