Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел мүддесі ең басты орында

Ел мүддесі ең басты орында

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова арнайы іссапармен Арал ауданында болып, бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандарды аралады. Сондай-ақ, зиялы қауым өкілдерімен, бірқатар шаруа қожалық иелерімен кездесті.
Облыс әкімі алдымен аудан орталығындағы 2018 жылы ашылған «Суреттер сыр шертеді» тарихи мұражайында болды. Мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов 500-ге жуық сурет пен тарихи жәдігер жинақталған музей жұмысын таныстырды. Музейде Арал аймағында 1918 жылдан бастап балық шаруашылығын ұйымдастырып, теңізді өлкенің даңқын шығарған тұлғалардың фотосуреттері жинақталған. Сонымен қатар, елге, облыс пен ауданға танымал қоғам қайраткерлерінің фото жинағы, Арал теңізінің тарихы және Құдайберген Саржановтың жеке экспонаттары қойылған.
Аймақ басшысы өңірдің тарихи-мәдени әлеуетін көтеріп, жас ұрпақты тәрбиелеуде мұражайлар мен кітапханалардың, ондағы жәдігерлер және кітап қорын көбейту ісі үлкен маңызға ие екендігін атап өтті. Сондай-ақ, музейдің құрмет кітабына қолтаңбасын қалдырды.
Әрі қарай облыс әкімі қайта жаңғыртудан өткен «Балықшылар» мұражайына барды. Мұнда мемлекет және қоғам қайраткерлері Құдайберген Саржанов, Биғали Қаюпов, білім саласының ардагері Нұралы Оспанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Әйімбетовпен бірге музейді аралап, эскпозициялық жұмыстарды көрді.
Айту керек, «Балықшылар» мұражайында 2000-нан аса құнды жәдігер жинақталған. 2012 жылы пайдалануға берілген нысанда 11 маман қызмет атқарады. Музейде облыстық бюджеттен бөлінген 86 миллион теңге қаржыға реэкспозициялық жұмыстар жүргізілген. Аймақ басшысы ғимарат ауласында жаңадан салынатын «Балықшылар» саябағының эскиздік жобасын көріп, ашық аспан астындағы мұражаймен танысты.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Арал» индустриалды-техникалық колледжінің жұмысымен танысып, студенттермен тілдесті. Колледждің тігін цехына барып, студенттердің арнайы киім үлгісін тігіп жатқан жастармен кездесті. Білім ордасында «Жас маман» жобасы аясында тігінші және электр дәнекерлеуші мамандығы ашылған. Тігін ісін жандандыру үшін италиялық және жапондық компаниялардың құрылғылары сатып алынған. Сонымен бірге облыс әкімі колледж студенттерінің балықты қайта өңдеу ісімен танысты.
Колледж базасында Құдайберген Саржанов облыс әкіміне кәсіптік оқу саласында балық шаруашылығын жандандыру мақсатында балықшы, балық өсіру, қайық жүргізуші, қайық жөндеуші мамандар даярлау туралы ұсынысын білдірді. Өз кезегінде аймақ басшысы көтерілген ұсыныстарды қолдайтынын жеткізді.
Мұнан соң облыс әкімі Б.Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағамбетовпен бірге көпбалалы отбасыларға 40 пәтерлі 10 тұрғын үйді табыстау рәсіміне қатысты. Арал қаласынан 40 отбасы аталған қордың «Баламекен» жобасы шеңберінде жаңа баспанаға ие болды. Жаңа пәтерлер иелері қатарына көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер мен апатты үйлерде тұратын отбасылар кірді.
– Қазіргі таңда ауданда 1112 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Осы тізімдегі 14 отбасы апатты жағдайдағы ғимаратта тұрып келген. Бұл отбасылар жаңа пәтерлерге бірінші кезекте көшірілді. Сонымен қатар, қалған пәтерлер көпбалалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға табысталады. Бұл жобаға қолдау көрсеткен және көптеген отбасыға қуаныш сыйлаған Болат Өтемұратов қорына алғысымды білдіремін, – деді аймақ басшысы.
Жаңа пәтерлер электр, газ және ауызсу жүйелерімен жабдықталып, ішінде сантехника, газ плитасы мен су жылытқышы орнатылған. Әр пәтер иесіне 6 сотық жер учаскесі бөлінген. Салтанатты шарада баспаналы болып, шаттыққа кенелген сегіз баланың анасы Гүлдария Мижанова Болат Өтемұратов қорына және облыс әкімдігіне алғыс білдірді.
– Қор 300 миллион теңге мөлшерінде Арал қаласының отбасыларына «Баламекен» жобасы бойынша жаңа пәтерлер сатып алуды қаржыландырды. Жоба 2019 жылдан бастап жүзеге асырылып, 4,1 миллиард теңге сомасына Қызылорда, Арыс, Мырзакент және Арал қалаларында 390 отбасын жаңа баспанамен қамтамасыз етті, – деп атап өтті Болат Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағамбетов.
Іс-шара соңында қор директоры қуаңшылықтан зардап шеккен Беларан ауылдық округі тұрғындарына ауызсу тасымалдайтын жаңа автокөлік кілтін табыстады.
Іссапар барысында облыс әкімі бірқатар шаруа қожалықтарының иелерімен де кездесіп, пікірін тыңдады. Алдымен Аралқұм ауылдық округінде шаруа қожалықтарының қысқы мал азығын дайындау мәселелерін саралады. Аудан әкімі Серік Сермағамбетов өңірдегі қуаңшылықты еңсеру бағытындағы атқарылған жұмыстарды тізбелеп, қазіргі таңдағы ахуалды баяндады.
Бүгінде аудан бойынша 114,1 мың бас шартты мал басы қысқа түсетін болып, оған 184,6 мың тонна шөп және 37,6 мың тонна жем қажеттігі нақтыланды.
– Қазіргі таңда ауданға сырттан тасымалданған шөптің есебі 79007 тонна болса, өткен жылдан қалған шөп көлемі 4512 тонна. Өзіміздің территориядан орылған шөп көлемі 41098 тоннаға жетіп отыр. Бүгінгі күнге ауданға қажетті 184640 тоннаның 124617 тоннасы қамтамасыз етілді. Сонымен бірге, солтүстік облыстардан қысқы мал азығын сатып алу мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің келісімі бойынша «Азық-түлік келісім шарт» ҰК» АҚ арқылы жеңілдетілген бағада жем сатып алуға тапсырыс беріліп, операторлар анықталды. Мұнан бөлек, көршілес Ырғыз ауданының алқаптарынан шөп қорын жасақтау жөніндегі меморандум жасалды, – деді Серік Сермағамбетов.
Биыл облыс әкімдігінің ықпалымен тауарөндірушілердің мал азығына жұмсаған шығындарын ішінара субсидиялауға республикалық бюджеттің резервінен 1,7 миллиард теңге қаржы бөліп, жем-шөпке қаралған қаражат игерілуде. Сондай-ақ, орын алған қуаңшылыққа байланысты Болат Өтемұратов қоры Аралға 263 миллион теңге мөлшерінде көмек көрсетті. Бөлінген қаражат жем-шөп және оны дайындауға арналған ауылшаруашылық техникасын сатып алуға жұмсалды. Сонымен қатар, бөлінген қаражатқа «Аспай» су ағытқысы іске қосылып отыр.
Облыс басшысы аудан әкімі мен шаруаларға мал азығын дайындауды уақытылы жүргізіп, бірлесе жұмыс істеуге шақырды, мәселені тұрақты бақылауға алуды міндеттеді.
Мұнан соң облыс әкімі «Қамқор-тұтыну» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қожалықта 70 бас жылқы, 63 бас мүйізді ірі қара және 67 бас түйе бар. Сүт және ет өнімдерін өндірумен айналысады. Айына 3,5 тонна ет өндіріледі. Өңір басшысы мемлекет тарапынан аграрлық секторға көрсетіліп жатқан қолдауды тілге тиек етіп, бұл шаралардың одан әрі жалғасатынын айтты.
Аймақ басшысы Қамбаш көлінің жағдайымен де танысып, көлдегі су деңгейін көрді. Ауыл ақсақалдарымен кездесуде ортақ мәселелерді талқылап, резервтен бөлінген 250 миллион теңгенің 50 миллион теңгеге жуығы аудандағы каналдар мен жайылымдық, шабындық жерлерді суландыруға жұмсалғанын тілге тиек етті.
– Қызылжар елді мекеніндегі «Бектау» каналын қазу жұмысы басталды. Аманөткел елді мекеніндегі «Бұрмақұлақ» учаскесіндегі дария арнасына тоспа салынып, жайылымдық жерлерге су барды. Сонымен қатар, Мергенсай елді мекеніндегі «Үш шоқы» мал жайылымдық жерінде 1 су ұңғымасы қазылды. Қазіргі уақытта Қосаман, Ақбасты елді мекендерінде су ұңғымаларын және Қулы, Дің арналарын қазу жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда дарияның суы көтеріліп, Қамбаш, Ақшатау көлдер жүйесіне мол су түсуде. Бұл жұмыстардың толық аяқталуы менің тікелей бақылауымда болады, – деді облыс әкімі.
Аудан ардагерлері қуаңшылық кезеңінде шұғыл шешім қабылдау нәтижесінде мал шығыны тоқтап, қысқы мал азығын жасақтау жұмыстары жолға қойылғанын атап өтті. Сондай-ақ, көлдер жүйесінің жағдайы қалыпқа келе бастағанын тілге тиек етіп, ұйымдастырылған батыл іс-әрекеттер үшін облыс басшысына ризашылығын білдірді.
Биболат СӘТЖАН

syrboyi.kz
07 қазан 2021 ж. 380 0