Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл әйелдері дәстүрлі өнерді дамытуда

Ауыл әйелдері дәстүрлі өнерді дамытуда

Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясы Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуроодағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастығы жөніндегі ұйымның бағдарламалар офисімен бірлесе отырып, Арал өңірі әйелдерін дәстүрлі киіз өнімдерін дайындауға үйрету мақсатында аудан орталығында бес күнге созылған тренинг өткізді.
Оның мақсаты – жергілікті және сырттан әкелінетін шикізаттарды пайдалана отырып, қатысушыларды киіз өнімдерін шығарудың теориялық негіздерімен таныстыру және іс жүзінде қолдану бойынша біліктілігін арттыру. Сонымен қатар осы іс-шара арқылы еліміздің дәстүрлі өнерін дәріптеп, баршаға таратып насихаттау. Нәтижесінде өңір жұртшылығының іскерлікке деген белсенділігін арттырып, қосымша табыс табуына ықпал ету.
Тренингке қатысқан қыз-келіншектер «Арал әйелдері» қоғамдық ұйымының мүшесі, шебер Гүлнар Әнәпияеваның басшылығымен бес күн ішінде киізден жасалған дәстүрлі қолөнер бұйымдары: тұскиіз, бас киім, аяқ киім, кәде-сый сияқты өнімдерді дайындап, өз шеберліктерін танытты. Тренинг соңында оған қатысушылар өздері жасаған киіз бұйымдарын ортаға әкеліп, тәжірибе бөлісті.
ХАҚҚ ҚР атқарушы дирекциясының департамент басшысы Досжан Нұрбатыров, ЕҚЫҰ мүшесі Айгүл Жарас Арал әйелдерінің өз қолдарымен жасаған киіз бұйымдарына оң баға бере келе, мұның өзі ауылда жұмыс көзін ашудың, ауылдағы қолынан іс келетін жұмыссыз қыз-келіншектерді еңбекке тартудың, яғни дәстүрлі өнерді дамытудың ең бір тиімді, пайдалы жолы екенін айтып, іскер әйелдерге сәттілік тіледі.
Тәжірибе алмасуда «Арал – Ару – Ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лаура Ибраимова, «Арал әйелдері» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Гүлнар Әнәпияева, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің маманы Ерболат Тасқынбаев ауыл әйелдерінің дәстүрлі өнерді дамытуда шеберлігін шыңдау, мал өнімдерін өндіруді қолға алу, бұл жөнінде тиімді жобалар жасап, оған қолдау қажеттігін айтты.
«Арал әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Жүгінісова ауданымызда бес күнге созылған тренингтің табысты өтуіне үлес қосып, барша азаматтарға алғыс айтып, бірлестік мүшелерінің дәстүрлі қолөнерді дамытуды мұнан әрі жетілдіре түсетіндерін жеткізді.
Тренинг соңында оған қатысқан қыз-келіншектерге тиісті сертификаттар  табыс етілді.
Ж. ЖАҚЫП
09 қазан 2021 ж. 268 0