Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті

Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті

Кеше аудан әкімі С. Сермағамбетовтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссия отырысында аудан көлемінде жол - көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар мен ағымдағы жылдың 2 тамызында өткізілген жергілікті полиция қызметімен бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарының алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы комиссия отырысындағы хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы Ә. Өтегенов хабарлама жасады. Полиция бөлімінің бастығы өз баяндамасында жыл басынан бері жол қозғалысы бойынша құқық бұзушылық жасаған барлығы 2298 жағдай анықталып, 1578 жүргізушіге айыппұл салынғандығын және қаланың көше-жол тораптарында орналасқан 30 дана бағдаршамның 3-еуі ақауына байланысты жұмыс жасамай тұрғандығын айтты.

Жол-көлік оқиғалары негізінен «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналасқан елді мекендер тұсында автокөліктердің үй жануарларына соғуы мен көлікті мас күйінде тізгіндеу салдарынан орын алған.

Мұнан кейін аудан көлемінде жол – көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар туралы аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ж. Құдайберген қосымша баяндады. Хабарламада қала бойынша орнатылған 216 дана жол белгілерінің 83 данасы қайта жаңартылса, алдағы уақытта ауданның маңызы бар автомобиль жолдарына 33 дана жол белгісі жаңадан орнатылатындығы айтылды.

Комиссия төрағасы баяндамашыларды тыңдаған соң, жол-көлік оқиғалары салдарынан адамдардың қайтыс болу деректері орын алған жағдайларға тоқталып, олардың себебін толыққанды зерделеп, мұндай оқиғаларды болдырмау бағытында нақты жұмыс жасау қажеттігін айтты. Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық Кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес көлік құралын мас күйінде басқаратын адамдардың жауаптылығы қатаңдатылғанымен масаң күйде көлік тізгіндегендер саны азаймаған. Мәселен 1 азамат көлік құралын мас күйінде (екі мәрте)басқаруына байланысты 4 жылға бас бостандығынан айырылса, 22азамат 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге, 5 азамат автокөлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылған. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің көлік басқару деректері өткен жылмен салыстырғанда 60 пайызға өсім алған.

Осыған орай, аудандық полиция бөліміне мемлекеттік органдар қызметкерлері тарапынан көлікті мас күйінде басқару деректері тіркелген жағдайда аудан әкімі аппаратына тиісті мәлімет ұсынуды және жасөспірімдердің аталған құқық бұзушылықтар жасауына жол берген бюджеттік салада жұмыс жасайтын ата-аналарын анықтап, тиісті жауапкершіліктерін шешу жөнінде заң талаптарына сәйкес ұсыныс енгізуді тапсырды.

Бұдан бөлек аудан басшысы «Жақсықылыш-Тоқабай-Арал» және Сексеуіл кенті мен Арал қаласы аралығындағы автокөлік жолдарына қауіпті бұрылыстары бар аймақтарды ескертетін жол белгілерін қою жөнінде тапсырма берді.

Сонымен қатар, жол бойында орналасқан ауылдық округ әкімдері мен полиция бөліміне қараусыз жүрген үй жануарларының иелеріне айыппұл салып, ірі қара малдарға жарық шағылыстырғыш лентаарды тағу шараларын үйлестіруді, Ал Арал қаласы әкіміне қыс мезгілінде жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында автокөлік және жаяу жүргіншілер жолдарын қардан тазарту жұмыстарының барысын пысықтауды тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Н. Бохаев хабарлама жасады.
Жергілікті полиция қызметімен бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарының алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы комиссия отырысындағы жоғарыда аталған комиссия отырысының қорытындысымен 11 хаттамалық тапсырмалар берілген.Оның ішінде, 5 тапсырмада нақты мерзім көрсетілсе, 6-ы тұрақты орындауды қажет етеді.

Тапсырмалардың орындалу барысын талдап өткен соң ақпарат беру туралы нақты мерзімі көрсетілгенімен кешігіп орындалған мекемелерді атады.

Аудан көлемінде мал ұрлығы мен алаяқтық қылмысының көрсеткіштері азаймаған. Мәселен, қыркүйек айында Арал қаласында мал ұрлығы қылмысының 4, Аралқұм ауылдық округінде 1 дерегі орын алған.

Мал ұрлығының көбеюіне байланысты тиісті қосымша шараларды атқару үшін қазан айының үшінші онкүндігінде жоспардан тыс комиссия отырысын өткізу жөнінде ұсыныс білдірді.

Аудан басшысы бұл ұсынысты қолдайтындығын жеткізіп, жауапты басшыларға хаттамалық тапсырмалардың орындалуы бойынша мәліметтерді дәлелді құжаттарымен бірге сапалы жолданылуын қамтамасыз етуді, кемшіліктер келесі талдау барысында қайта анықталған жағдайда бірінші басшылардың тәртіптік жауапкершілігі қаралатындығын айтты.



Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

13 қазан 2021 ж. 236 0