Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыстық мәслихат хатшысы Арал ауданында болды

Облыстық мәслихат хатшысы Арал ауданында болды

Бүгін облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жұмыс сапарымен ауданда болып, өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов мәслихат хатшысына аудандағы әлеуметтік нысандардың қазіргі жағдайымен және алдағы жоспарланған жұмыстармен қатар, Арал қаласынан жаңадан салынатын «Балықшылар» саябағының эскиздік жобасын таныстырып өтті.

Алдымен №1 қалалық кітапхананың және №64 орта мектебінің ескі ғимаратының жағдайын көрді. Кітап қоры 43 000 дана болатын нысан ескіріп, апатты жағдайда деп танылған. Соған сәйкес кітапхана құрылысын салуға жоба сметалық құжаттама дайындалып, сараптаманың оң қорытындысы алынған.

Одан соң Балықшылар мұражайына жүргізілген реэкспозициялық жұмыстарға куә болды. Мұражай ішін аралап балықшы құралдары мен тұтынған заттарын және теңіз тарихынан сыр шертетін жәдігерлермен танысты. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 2000-нан аса құнды жәдігерлер сақталған мұражай толықтай жаңартылып, заманауи бағдарламалар енгізілген.

«Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС-ның «Балықты тереңнен өңдеу» цехында барып, теңіз маржандарын өңдеу жұмыстарын көрді. Цехта «Евростандарт» технологиясы бойынша өңделген балық өнімдері ішкі нарықта және ТМД елдеріне экспортқа шығарылады.

Облыстық мәслихат хатшысының сапары Қамыстыбас ауылдық округінде жалғасты. №21 орта мектебіндегі қосымша 100 орындық жапсаржай құрылысы салынатын орынды көріп, ұстаздармен кездесті. Еліміздің ертеңін тәрбиелеуде мұғалімдердің еңбегі зор екендігін айтып, қызметтеріне сәттілік тіледі. Сонымен қатар тіректі елді мекендегі «Ауыл –ел бесігі» бағдарламасы аясында бастау алған денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысымен және ауылдық клубтың жұмысымен таныс болды. Клубтың жұмысына қанық болған соң қызметкерлерге ұлттық болмысымызды ұлықтайтын мәдени шараларды кеңінен ұйымдастыру және облыстық мәдениет мекемелерімен тәжірибе алмасу жөнінде ұсыныс білдірді.

Мұнан кейін аудан көлемінде орын алған қуаңшылық жағдайын еңсеру барысында атқарылған шаралармен танысып, Қамбаш көлінің жағасында ауыл тұрғындарымен қысқы мал азығын дайындау шаралары жөнінде пікірлесті.

Сапар соңында Аманөткел ауылдық округі аймағындағы Б.Өтемұратов қоры қаржысы есебінен қалпына келтірілген «Аспай» суағытқысы мен бөгеу жұмыстары жүргізілген «Бұрмақұлақ» су арнасында болды.

Қазіргі таңда аталған жұмыстар нәтижесінде Ақшатау, Қамыстыбас және ірі көлдер жүйесі суландырылуда.





Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

14 қазан 2021 ж. 570 0