Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Демалыссыз жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілерден шағым түсіп жатыр

Демалыссыз жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілерден шағым түсіп жатыр

Атырау облысында жыл басынан бері 200-ден астам мемлекеттік қызметші мемлекеттік еңбек инспекциясына шағымданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ермаханбетовтің мәліметінше, «Е-қызмет» жүйесімен мемлекеттік органдардың қолжетімділігін бақылауды интеграциялау жоспары бекітілген.
«Қазіргі уақытта Атырау облысында мемлекеттік органдардың қолжетімділігін бақылау және басқару жүйесін «Е-қызмет» ақпараттық жүйесіне қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мұндай іс-шара мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғауға, икемді жұмыс кестесін құруға, оның ішінде жұмыс күні аяқталғаннан кейін мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орнындағы кідірісін, қызметшілердің демалыс күндері жұмысқа шығу практикасын тоқтатуға бағытталатын болады», – дейді Ерлан Ермаханбетов.
Оның дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына 200-ден аса арыз-шағым келіп түскен. Соған байланысты 167 мекеме тексеріліп, тиісті шаралар қабылданған.
Департаментке түскен арыз негізінде Атырау ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы бас маманды демалыс күні негізсіз жұмысқа шақырғаны анықталды. Нәтижесінде бас маманға демалыс беру туралы бұйрық шығарылып, құқығы қалпына келтірілген. Ал заң бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғаға тәртіптік шара қолданылды.
«Мемлекеттік қызмет туралы және еңбек заңнамасының талаптары негізінде жұмыстан тыс шұғыл істелетін, демалыс және мереке күндері жұмыстарға шақырылатын мемлекеттік қызметшілердің жазбаша келісімдері болуы қажет. Енді осындай келеңсіздікті болдырмау үшін департамент пен облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды», – деп мәлім етті Ерлан Ермаханбетов.

kyzylorda-news.kz​​​
18 қазан 2021 ж. 378 0