Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанның вакциналау паспортымен қай елге кіруге болады

Қазақстанның вакциналау паспортымен қай елге кіруге болады

Осы уақытқа дейін Қазақстанда 13 мемлекеттің вакциналау паспорты танылды. Олар да сондай шешім қабылдап, қазақстандықтардың алған екпесіне қарамастан, өз жеріне кедергісіз кіргізе береді

Қазақстанның вакциналау паспортын мойындаған мемлекеттердің ішінде Армения, Аргентина, Беларусь, Венгрия, Грузия, Иран, Қырғызстан, Молдова, Моңголия, Сан-Марино, Таиланд, Түркия мен Эстония бар.

Осылайша, қазақстандықтар да, осы елдердің азаматтары да мемлекеттік шекараны карантиндік шектеусіз өте алады. Ол үшін коронавирусқа қарсы вакциналау паспортын көрсетсе жеткілікті.

ПТР-тест тапсырып, карантинде отырудың да қажеті жоқ. Қазақстан азаматының қандай екпе салдырғаны да маңызды емес. Ең бастысы, вакциналау паспорты болуы шарт.

Ал Мысыр мен Оман қазақстандықтардың вакциналау паспортын біржақты ретпен таныды. Ол жаққа барған отандастрымызға да ПТР-тест тапсыру және карантинде отыру талабы қойылмады.

Қазіргі кезде Ресей, Әзербайжан, Иордания, Индонезия, Марокко, Өзбекстан, Филиппин және тағы басқа мемлекеттермен вакциналау паспортын өзара тану бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Қазақстан мойындаған елдерде коронавирусқа қарсы вакцинаның түр-түрі егіледі. Соның ішінде QazVac (қазақстандық вакцина), "Спутник V" (ресейлік вакцина), "Спутник Лайт" (ресейлік вакцина), Vero Cell, CoronaVac (қытайлық вакциналар), AstraZeneca (ағылшын-швед вакцинасы), Novavax, Pfizer, Moderna, Johnson&Johnson (америкалық вакциналар), COVIran Barakat (ирандық вакцина).

Айта кетері, вакциналау паспортын өзара тану шараларымен сыртқы істер министрлігі айналысады. Алдымен келіссөздер жүргізіледі. Одан кейін екі мемлекет нота алмасып, вакциналау паспортын тануға келіседі. Бұдан бөлек, бас мемлекеттік санитар дәрігер өзге елде берілген вакциналау паспортын тануға рұқсат бере алады.

sputnik.kz
18 қазан 2021 ж. 320 0