Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәжік-Ауған шекарасында әскери борышын өтеген ардагерлерге құрмет көрсетілді

Тәжік-Ауған шекарасында әскери борышын өтеген ардагерлерге құрмет көрсетілді

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы күштері әскерінің Тәжікстан-Ауғанстан шекарасынан шығарылғанына 20 жыл .

Тәуелсіз ел ретінде Қазақстанның алғашқы қабылдаған тарихи шешімдерінің бірі – ҚР Қарулы күштерінің Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдарға қатысып, бітімгершілік миссиясын орындауы болды. 1992-2001 жылдар аралығында Тәжік-Ауған шекарасын қорғаған әскерилер қатарында аралдықтар да болды.

Осыған орай, аудандағы Тәжік-Ауған шекарасында борышын өтеген азаматтармен кездесу өткізілді. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Б. Жұмағұлов қатысып:
– -«Қазақстан әскерінің тәжік-ауған шекарасындағы бітімгершілік миссиясын орындауы - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың саяси ерік-жігері мен салиқалы саясатының арқасында жүзеге асырылды. 9 жыл бойы ұрыс алаңына айналған аймақта Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған жерлестеріміз қазіргі таңда түрлі салада қызмет атқарып, өңіріміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына өзіндік үлестерін қосып, жастарымызға патриоттық тәрбие беруде оң ықпалын тигізіп жүр. Сіздерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Барлығыңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.» – деп ақжарма тілегін білдірді.

Одан соң ауданға арнайы келген облыстық тәжік-ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Орынбайұлы сөз алып, майдан даласында қайсарлық танытып, міндеттерін адал орындаған әскерилердің ерлік істері жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге екендігін айтып өтті.

Мұнан кейін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Бауыржан Жұмаділдаұлы мектеп оқушылары мен аудан жастарына патриоттық тәрбие беру бағытында өңірдегі Тәжік-Ауған шекарасында болған ардагерлердің қатысуымен өткізіліп жатқан іс-шараларға тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беретіндігін білдірді. Сонымен қатар, ардагерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары жөнінде тоқталды.

Кездесу барысында ҚР Қарулы күштері әскерінің Тәжікстан-Ауғанстан шекарасынан шығарылуының 20 жылдығына орай аталған аймақта борышын өтеген азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Жиын біткен соң Тәжік-Ауған шекарасында әскери борышын өтеу жолында қаза болған аралдық жауынгер Жақсылық Жансүгіровтің отбасына барып, марқұмның рухына Құран бағыштап, жанұя мүшелеріне сый-сияпат табыстады.





Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

18 қазан 2021 ж. 950 0