Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін - Байқоңырда қаза тапқан зымыраншыларды еске алу күні

Бүгін - Байқоңырда қаза тапқан зымыраншыларды еске алу күні

«Байқоңыр» ғарыш кешенінде 1960 жылғы 24 қазанда және 1963 жылғы 24 қазанда зымыран-ғарыш техникасын сынау кезінде қаза тапқан зымыраншыларды еске алу күні атап өтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кеңес космонавтикасының тарихында 1960 жылдың 24 қазаны мен 1963 жылдың 24 қазаны қаралы күн болып саналады.
Байқоңыр айлағындағы ең үлкен апат 1960 жылы 24 қазанда Р-16 құрлықаралық баллистикалық зымыранын сынау мақсатында ұшыруға дайындық кезінде болды. Жоспарланған ұшуға 30 минут қалғанда №41 ұшыру алаңында екінші сатылы қозғалтқыш жоспардан тыс іске қосылып кеткен. Кенеттен шыққан газ бірінші сатылы бакты өртеп, жалын 100 метр аумақты қамтыған.
Өрт кезінде шамамен 100 адам, оның ішінде КСРО стратегиялық мақсаттағы зымыран жасағының бас қолбасшысы, артиллерияның бас маршалы Митрофан Неделин қаза тапты. Ал 1963 жылы 70-алаңда болған өрт кезінде 8 адам мерт болды. Сол уақыттан бері 24 қазан күні ғарыш айлағының ұшу алаңында барлық жұмыс тоқтап, ешқандай ұшу жоспарланбайды. Бұл дәстүр әлі күнге дейін сақталып келеді.
Апат туралы мәліметтер мемлекеттік құпия болып саналды және ол туралы ақпараттар алғаш рет 1989 жылы ғана кеңестік БАҚ беттерінде жарық көрді.
Бүгін Байқоңыр қаласының тұрғындары әдеттегідей қаза тапқан зымыран сынақшыларына арналған ескерткіштің алдына жиналып, ғарышқа тұңғыш сапар шегу жолында мерт болғандарды еске алады.
Сонымен қатар бүгін байқоңырлықтар «Сатурн» киноконцерт залында «Зымыран ұшырылмайтын күн» деп аталатын деректі фильмді тамашалайды. Бұл фильмді «Южный» ғарыш орталығының телевизиялық бөлімінің қызметкерлері ғарыш айлағындағы зұлмат апаттың 50 жылдығына орай дайындаған болатын.
«Бұл құрбандық босқа кетпеді. Әзірленген зымыран қаруы отанымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ядролық соғыс қауіпін сейілтті. Қазіргі уақытта Байқоңыр ғарыш айлағында жұмыс істейтін сынақшылар ардагер-зымыраншылардың дәстүрін лайықты деңгейде жалғастырып, жаңа жағдайда ғарыш саласындағы еліміздің алғышептегі позициясын қамтамасыз етіп келеді. Жаңа зымыран-ғарыш техникасын сынақтан өткізу барысында қаза тапқан Байқоңыр ғарыш кешені сынақшылары біздің жүрегімізде мәңгі сақталатын болады», деді Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин қала тұрғындарына жолдаған үндеуінде.
24 қазан 2021 ж. 275 0