Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқу дәстүрлі форматта жалғасады

Оқу дәстүрлі форматта жалғасады

Биыл барлық білім беру ұйымында оқыту негізінен дәстүрлі форматта бас­талды. Санитарлық талаптар сақталып, штаттық режімдегі оқыту бұдан былай да жалғасады. Дегенмен арасында ата-анасының өтінішімен аралас форматта білім алып жүрген оқушылар да бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Баспасөз жиынында сөз алған Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары Шолпан Каринова:
«Қазіргі таңда штаттық режімде оқушылардың 86,4%, аралас форматта 11,6%, ата-аналардың өтініші негізінде 0,6% бала қашықтан білім алуда. Біз бұған дейін де елімізде оқушы орны тапшы үш ауысымдағы мектептер бар екенін айтқан едік. Осы мәселені шешу бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін мың мектеп салынады. Биылдың өзінде жоспарға сәйкес 200 жаңа мектеп пайдалануға берілуі тиіс. Ауысымдарды жеңілдету үшін әр мектепке жеке пәндерді немесе пәндер бойынша жеке сағаттарды қашықтан өткізу арқылы аралас оқытуды ұйымдастыруға құқық берілді. Бүгінде мектептер осы мүмкіндікті пайдаланып отыр. Бұл негізінен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Алматы және Түркістан облыстарының мек­теп­те­рін­де жүзеге асырылып жатыр», деді.
Министрлік өкілінің айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап колледждерге академиялық дербестік берілген. Бұл жұмыс берушілердің қатысуымен және еңбек нарығының талаптарымен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұған қоса «Жас маман» жобасы бойынша 180 колледжді заманауи жабдықтармен жабдықтау, тиісті бағдарламалар жасау, жаңа бағдарламалармен оқыту бойынша жұмыстар басталды. Жаңа оқу жылында еліміздің колледж студенттері үшін теориялық, лабораториялық, практикалық сабақтар және кәсіптік практика штаттық режімде өткізіледі. Десек те оқу пәндерінің 20%-ын қашықтан өткізуге рұқсат берілген.
Жоғары оқу орындарында да студенттер аралас форматта оқып жатыр. Негізгі сабақтарын университетте оқитын білім алушылардан ПТР нәтижесі сұралмайды. Уни­вер­си­тет­тер­дегі осы және өзге де оқу барысы жайлы Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев:
«Бүгінде елімізде 122 жоғары оқу орны бар, онда 600 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Академиялық күнтізбеге сәйкес барлық дайындық бағыт бойынша студенттер аралас форматта оқуды бастады. Атап айтқанда, дәрістер онлайн, семинар, зертханалық және практикалық сабақтар офлайн режімінде өткізіледі. ЖОО-да маска тағу режімі сақталады, барлық корпуста санитайзер, де­зинфекциялық арка, тепловизор орнатылған. ЖОО, оқу корпустары, кітапхана және жатақханалар аумағында Ashyq қосымшасы қолда­ны­лады. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес оқытушылар мен қызметкерлер үшін медициналық қарсы көрсетілімдері барларды қос­па­ғанда, «жасыл» мәртебенің болуы міндеттеледі. Студенттерде ПТР-тес­тілеудің болуын талап етуге жол беріл­мейді», деп мәлімдеді.

egemen.kz
25 қазан 2021 ж. 435 0