Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жапондықтар жағалау жұртшылығына қолдау жасамақ

Жапондықтар жағалау жұртшылығына қолдау жасамақ

"Барсакелмес" қорығы Арал ауданының аумағында орналасқан. Ол 1929 жылы тапсырма берушi сияқты негiзделдi. Арада 10 жыл өткесін, нақтырақ айтсақ 1939 жылға 10 желтоқсан күні мемлекеттiк қорықтың мәртебесiн алды. 1982 – 1991 жылдар аралығында 260 астам құландар республиканың басқа қорықтарына ауыстырылса, қазіргі таңда мұндағы құландар саны артып отыр. Тек құландар саны ғана емес, қорықты мекен еткен басқа да аңдар мен өсімдіктер, балықтар түрлері көбейіп келеді. Бұл – еткен еңбектің жемісі.
Осы аптада Жапонияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямада Аралға арнайы сапармен келіп, қорық жұмысымен жақынырақ танысты.
Джун Ямадамен бірге Аралға табан тіреген "Шөп тамырлары" бағдарламасының үйлестірушісі Акира Мацумото мен Қазақстандағы Жапония елшілігінің хатшысы Томоя Ёкоэні қарсы алған Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының директоры Зәуреш Әлімбетова қорық кеңсесі мекемесінің ауласында көптеген істелген жұмыстармен таныстырып, "Байтақ дала" қоғамдық бірлестігінің президенті Гауһарбек Сатекеев, "Халықаралық Аралды құтқару" қорының директоры Болат Бекнияз және қонақтармен бірге сексеуіл ағашын отырғызды. Осы орайда ауданымыздың климатына бейім сексеуілдің де қасиеттерін, оны егудің тиімділігін атап өтті.
Одан соң арнайы келген қонақтармен өткег кездесуде алғашқы болып сөз алған "Байтақ дала" қоғамдық бірлестігінің президенті:
– 2019-2020 жылдары "Байтақ дала" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған "Арал қаласын көгалдандыру және экологиялық білім беру бойынша" жобасы Жапон елшілігінің "Шөп тамырлары" гранттық бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Жоба аясында қорықтың кеңсе ғимаратына қарасты аумақта жеміс және өзге де талдарды өсіріп, Арал теңізі маңына тән емес ағаш түптерін жерсіндіру және жергілікті тұрғындарға осы жұмыстардың нәтижесін жариялау жұмыстары іске асты. Мұндағы басты мақсат жасыл технологияларды күн, жел энергиясын және тамшылап суару әдісін пайдалана отырып нәтижеге қол жеткізу болатын. Сонымен қатар деградацияланған және шөлейттенген аумақтарды кешенді игеру тәсілдерін демонстрациялау болатын. Бүгінде аталған мақсатқа қол жеткізіп, нәтиежесін көріп отырмыз, – деді.
Мұнан өзге де жүзеге асқан жобаларды тізбектеп атап өткен Гауһарбек Сатекеев Жапон елшісіне алғысын айтып, алдағы уақытта да бірлесе отырып көптеген істерді жүргізетініне сенім білдірді.
Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы дирекциясының  директоры Болат Бекнияз да елшілерге қор тарапынан жүзеге асқан жұмыстарды нақты дәлелдемелермен көрсете отырып, қол жеткізген нәтижені көрсетті. Бір кездері болашағына күмәнмен қараған қорықтың бүгінгі жағдайы көңіл қуантарлықтай. Теңіз айдыны шалқып тұрған шақта көптігіне көз сүрінетін құландар теңіз суының тұздылығы артып, табаны құрғаған шақта басқа аумақтарға көшірілген. Бірақ бүгінде олардың саны көбейіп Барсакелмес аралына жақын жерлерде Қасқұлан және Ұзынқайыр аралдарынан да кездестіруге болатын жағдайға жеткенін мақтанышпен айтты.
Мұнан бөлек теңіз табанынан табылған өте ерте заманнан қалған көптеген құнды жәдігерлерді көрсетіп, Жапония елшісінің қызығушылығын тудырды. Алдағы уақытта қолға алынса деген үлкен жобалар мен идеяларды ортаға салып, бүгінгі жеткен жетістіктерден де жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін бірлесе жұмыс жасауды ұсынды. Аудандағы соңғы жылдары жауын-шашынның аз болуынан орын алған қуаңшылық жағдайы да сөз етілді.
Джун Ямадамен өз кезегінде:
– Бірінші кезекте сіздерді Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. 1991 жылы ел егемендігін алған сәттен бастап дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Биыл екі елдің байланысы да 30 жылдық белесті бағындырып отыр. Расында, Қазақстан – халқы ең бақытты ел. Өйткені жер көлемінің ауқымдылығынан бөлек, түрлі табиғи ресуртарға бай. Сонымен қатар өте құнды және көне мәдениетке ие. Біз Жапония мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас арқылы елдің дамуына қол жеткізетінімізге сенеміз. Қазіргі елдегі пандемиялық жағдайға байланысты осы күнге дейін Аралға келуге мүмкіндік болмады. Бірақ бұл соңғы сапарым болмайды. Судың тапшылығынан кедергінің болғанын да біліп отырмын. Алдағы уақытта бірлесе отырып көптеген жүйелі жұмыстарды жүргізуге уәде беремін, – деп, қазақтардың қонақжайлығы жайында да сөз қозғап, алғысын білдірді.
Сондай-ақ Жапонияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямада аудан әкімімен кездесуге мүмкіндік алды. Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев те болды.
Алдымен теңізді өлкенің тыныс-тіршілігін кеңінен баяндап өткен аудан басшысы Серік Сермағамбетов экология саласындағы бастамалар мен жобаларды іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын жеткізді.
– Бүгінгі таңда екі ел арасындағы өзара ынтымақтастық аясында біздің өңірде бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатқанына куәміз. Соның ішінде Жапония үкіметі біздің еліміздің аумағында жүзеге асырып жатқан «Шөп тамыры» бағдарламасының берері көп деп санаймын. Бұл шаралар Аралдың экологиялық жағдайын жақсартуға өз септігін тигізері сөзсіз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сіздерге Арал ауданының экологиясын жақсарту бағытындағы бастамалар мен жобаларды іске асыруда көрсеткен қолдауларыңызға алғысымды білдіремін. Сонымен қатар алдағы уақытта да өңіріміздің жағдайын оңалтуға бағыталған шараларға қолдау білдіреді деп сенемін, – деді Серік Сермағамбетов.
Жапон елшісі одан бөлек Балықшылар музейінде болып, Аралдың өткені мен бүгінін сабақтастырып отырған терең тарихымызбен де танысты.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
30 қазан 2021 ж. 420 0