Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Суды субсидиялау ережелері өзгерді

Суды субсидиялау ережелері өзгерді

Биыл индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 27.07.2021 жылғы №394 бұйрығымен ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын ерекше маңызды топтық және оқшау сумен жабдықтаудың жүйелерінен ауыз су беру жөніндегі көрсетілетін қызметтер құнын субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілген болатын.

Соған сәйкес, субсидиялау қағидаларының жаңа редакциясымен халыққа белгіленген жеңілдетілген тариф мөлшері (30,40 теңге) алынып тасталып, жаңа нормалары 2021 жылдың 16 тамызынан бастап күшіне енді.

Осы орайда, аталған қағидаға жаңадан енгізілген өзгерістер туралы толық түсіндірме беру үшін күні кеше Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшының орынбасары Ерлан Жоламанов пен «Арал салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы» облыстық филиалы мекемесі басшысының орынбасары Ержан Қуандықов ауданымызға арнайы іссапармен келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Аудан әкімінің аталған салаға жетекшілік жасайтын орынбасары Еркін Әбішевтің қатысуымен жүргізілген талқылау жұмыстары барысында алдағы уақытқа жоспарланған ауыз су тарифтері сөз болды. Белгілі болғандай ағымдағы жыл соңына дейін ескі баға бойынша төлем алынатындығы (30 теңге) және келер жылдан бастап жаңа бағамен есептелетіндігі айтылды.

–«Ауыз суды есепке алу аспабы болған кезде субсидиялар 1 адамға арналған тұтыну нормативі кезінде тәулігіне 140 литр мөлшерінде төленеді. Осы нормадан асқан жағдайда тұтынушы сумен жабдықтау қызметтеріне толық тарифпен төлейді. Яғни Ережеге сәйкес бір адамға тәулігіне 140 л. бұл айына 4,3 м3 егер пайдаланған ауыз су осы көлемнен аса тұтынушылар толық тарифпен төлем жасайтын болады. Бекітілген тариф бойынша топтық су құбырлары үшін 1 текше метрге ҚҚС қосқанда 507,14 теңге. Оқшау су құбырлары үшін 1 текше метрге ҚҚС қосқанда 364,63 теңге. Ережелердің жаңа нормалары ағымдағы жылғы 16 тамыздан бастап күшіне енді, онда жергілікті атқарушы органдардың берілген ауыз судың бір текше метрі үшін төлемақы мөлшерін әзірлеу және жергілікті өкілді органға бекітуге ұсыну жөніндегі құзыреті көзделген. Халықтың ауыз суға төлеп отырған 30/40 теңге деген баға 2006 жылдан бері өзгермеген. Яғни осы 15 жыл ішінде су беруші мекемелердің электр энергиясы, айлық жалақы және тағы да басқа шығындары ескеріліп, табиғи монополияларды реттеу жөнінде уәкілетті органмен бекітілетін ауыз су тарифы қанша көтеріліп жатқанымен, халықтың жасайтын төлемі өзгеріссіз қалып келген. Оның өзінде 2014 жылға дейін халықтан басқа барлық тұтынушы да осы 30/40 теңге жеңілдетілген бағамен төлеп келсе, 2014 жылдан бастап тек қана халыққа берілген ауыз суға ғана субсидия беріле бастады»,- деді Ерлан Ералыұлы.

"Арал" салынып жатқан кәсіпорындардың біріккен дирекциясы» мекемесі директорының орынбасары Ержан Ералыұлының айтуынша, бұған дейінгі су пайдаланушылардың көлемін есептеп, облыс бойынша халыққа берілетін ауызсудың бір текше метрі үшін төлемақы мөлшері есептеліп 202 теңгені құрады. Бірақ баламасыз су көзі ретінде ауыз суды ішуге және шаруашылық мақсатта тұтынып отырған халыққа ауыз су бағасын бірден өсірмей есептегіш барларға 60 теңге, есептегіш құралы жоқ тұтынушыға 80 теңгемен бекітуді және оны қолдануды 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастау жоспарланып отыр. Бүгінгі күні жаңа тарифті бекіту бойынша тиісті басқарма мен облыстық мәслихат арқылы жұмыстар жүргізілуде.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

30 қазан 2021 ж. 489 0