Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық мәселесінен тұрғындар тыс қалмауы тиіс

Тазалық мәселесінен тұрғындар тыс қалмауы тиіс

Кеше аудан орталығында кезекті сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Қала аумағындағы тазалықтың үнемі сақталуын, тұрғындардың тазалық тұрғысындағы мәдениетін көтеру, өскелең ұрпақты ұқыптылыққа, туған өлкенің қадірін жете түсінуге баулуды мақсат еткен тазалық шарасына әдеттегідей барлық мемлекеттік сала қызметшілері мен аудандағы мемлекеттік мекеме қызметшілері қатысты.

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов қала бойынша өткен сенбілік шарасының барысын арнайы бақылап, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін пысықтап шықты. Аралау барысында қала тұрғындарымен де пікірлесіп, қоршаған ортамызды ластамауға тамшыдай үлес қосуға шақырды.

Атап өту қажет, әр сектор бойынша тазалық жанашырларының, арнайы техникалардың көмегімен айтарлықтай жұмыстар жасалып жатқанына куә болдық.

Дегенмен, арнайы бөлініс кестесіне сәйкес 8 секторды аралау барысында аумаққа жауапты топ жетекшілерінің тазалық жұмыстарын үйлестіруін бағамдап өткен аудан әкімі ендігі ретте еңбекпен тазартылған аймақтардың жып-жинақы қалпын сақтау бағытында қатаң шараларды қолға алуды тапсырды. Сонымен қатар халықтың ортақ мүдде жолында жауапкершілігін арттыру үшін мобильді топ мүшелері әр көше комитеттерімен үйме-үй түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, қоқысты тиісті орынға шығаруға бет бұруын қалыптастыруға күш салуын жүктеді. Сондай-ақ сенбілік жұмыстарына жаппай тұрғындардың да ат салысуын ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.

Расында, сенбілікке алтын уақыттарын арнап жүрген қызметкерлердің еңбегіне құрмет танытып, қадірін білу әрбір тұрғынның адами парызы. Бастысы осы мәселеге тұрғындарымыз бей-жай қарамай, қайткенде ортақ мекеніміздің таза, көрікті болуына жұдырықтай жұмылуы қажет-ақ.



Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

31 қазан 2021 ж. 442 0