Жайылымдық жерлерге арналған дербес карта әзірлеу жолдары түсіндірілді
Бүгін облыстық жер қатынастары басқармасының маманы Ақылбеков Нұрсұлтан жұмыс сапарымен ауданда болып, ауылдық округ әкімдерімен және ветеринария, ауылшаруашылығы, жер қатынастары бөлімдерінің мамандарымен кездесті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Е. Әбішев жүргізді.
Бұған дейін ауыл тұрғындарының малдарын жайылыммен қамтамасыз ету үшін әрбір елді мекенде дербес карта әзірленуі қажеттігі тапсырылған болатын.
Осыған орай, облыстық жер қатынастары басқармасының маманы ауылдық округ әкімдеріне жайылымдық жерлердің дербес картасын әзірлеу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Геопортал арқылы мысал ретінде ауылдық округтердегі бос жерлерді көрсетіп үлгілік талдау жасады.
Алдағы уақытта аудандағы барлық елді мекендерде төрт түліктің өріске шығатын бағыты ескеріле отырып, тұрғындардың малдарын жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мақсатында ауыл шекарасынан 15 шақырымнан аспайтын аралықта дербес карта әзірленетін болады.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі