Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық мәселесіне салғырт қарамауымыз керек

Тазалық мәселесіне салғырт қарамауымыз керек

Бүгін аудан орталығында кезекті сенбілік өткізілді.
Тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру, төңіректі қажетсіз заттардан тазарту мақсатында ұйымдастырылған шараға мемлекеттік мекеме қызметкерлері атсалысты.

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов тазалықты ретке келтіру бағытында бөлінген секторларды аралап, әр аумақта жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылап шықты.
Аралау барысында жақын аралықта ғана тазартылған аймақтарға тұрғындардың қоқыс қалдықтарын қайта тастау жағдайлары кездесті.

-«Өткен сенбілікте ғана тазартылған жерлер қайта ластанған. Қоқыс тастауға болмайтыны туралы арнайы ескертпе тақтайша ілулі тұр. Бірақ бұл жағдай қайталануда. Бұлай жалғастыра беруге болмайды. Учаскелік полиция инспекторлары көше комитеттерімен, тұрғындармен бірлесіп, күшейтілген рейд шараларын жүргізуі қажет. Қоқыс тастаған адамдарды анықтап, қатаң шара қабылдап, тиісті айыппұл салынуы керек. Рейд шараларына белсенді жастар мен мекеме қызметкерлері де қатыстырылсын.» –деген аудан басшысы сектор басшыларына тұрғын үйлерді аралап түсіндірме жүргізіп, көше комитеттері мен белсенді тұрғындарды қатыстырып, жиын өткізудің де тиімділігі зор болатынын айтты.

Мұнан әрі қала ішін және сыртқы аймақтарды аралаған аудан әкімі бұрынғы №199 мектеп ғимаратының және Аралтұз көшесінде орналасқан екіқабатты ескі тұрғын үй ғимаратына барды. Нысандардың жағдайын көрген соң қала әкімінің міндетін атқарушы Р.Жанаевқа жақын маңдағы халықтың қоқыс тастайтын орнына айналмас үшін заңдылығына сәйкес ғимараттарды бұзып, орнын толықтай тегістеу жөнінде тапсырма жүктеді.

Белігілі болғандай көшенің соңғы жағындағы тұрғын үйлердің артқы жақтан қосалқы есіктер шығарып, шұңқыр қазып, қоқыс тастайтын жер жасап, тіпті лас суды ағызатын құбыр жалғап алғандары анықталды. Мәселен жаңа ауыл мөлтек ауданындағы М. Өтемісұлы көшесінің соңындағы үйдің және оған арқалас орналасқан мекен-жайдағы тұрғындар құрылысқа қажетті бетон қалдықтары, құм, тас және басқа да заттарды ауласының сыртына тастаған. Бұл сол маңдағы қажетсіз заттардың жиналуына себеп болуда. Осыған орай учаскелік полиция инспектеорлары мен жауапты мамандарға сол маңды дереу ретке келтіру жөнінде тапсырма берілді.

Аудан әкімі бұдан басқа сорлы аймақтар мен қаланың сырт жақтарындағы кезінде кұм алынып, ойыс боп қалғандықтан қоқыс алаңына айналған жерлерге жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарын көрді. Арнайы техникалардың көмегімен тазалауды әрі қарай жалғастыру қажеттігін айты. Сондай-ақ, жауапты сала басшыларына топталып жүрген қаңғыбас иттерді жоюды және қала ішінде бей-берекет кезіп, тұрғын үйлердің талдарын жеп жүрген малдардың иелерін анықтап қажетті шаралар қолдануды тапсырды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

06 қараша 2021 ж. 360 0