Сенбілік – тазалық кепілі
Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Осы орайда аудан көлемінде кезекті сенбілік ұйымдасқан түрде өткізілді. Тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері біркісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді.
Нақтырақ айтқанда, сенбілікке шыққан ұжымдар аудан орталығындағы Бекетай би, Ш.Айманов, Абай, Ж.Нұрпейісов, Ә.Жұбаниязов көшесіндегі сорлы аймақтар мен "Барсакелмес" табиғи қорығының, ескі және жаңа аудандық аурухананың артқы жағын, Н.Байымбетов көшесінде орналасқан қорымның артқы бетін, Сырлыбай батыр көшесінің соңғы жағын, Бегім ана көшесі, қорым айналасы, аудандық өрт сөндіру бөлімшесінің маңын, Ж.Тәжімбетов көшесінің артқы жағын және "Арал-Аэропорт" автокөлік жолының екі жақ белдеуін қоқыстан тазартуға белсене атсалысты.
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов қала тазалығын сақтау мақсатында бөлінген секторларды аралап, жасалған жұмыстарды көрді. Аралау барысында сектор жетекшілеріне бірқатар сын-ескертпелер де берілді. Мәселен, тазартылған аймақтарға қоқыс тастау жағдайлары әлі де жалғасып келеді. Бұл үшін көше комитеттерімен және учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, рейд шараларын күшейтіп, тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарды тастағаны анықталса, тиісті айыппұл салуды тапсырды.
Бұдан бөлек, Арал көпсалалы колледжінің маңындағы Тәжі палуан көшесіне (Суворов) шығатын қосалқы автокөлік жолдарын жабу қажеттігін айтты. Себебі осы екі аралықтағы жерлерге қоқыс тастау азаймай тұр. Сонымен қатар, тұрғын үйлердің артқы есігі арқылы шыға сала қалдықтарды тастауына жол бермей, қатаң бақылауға алу керегін айтты.
"Бірге таза қазақстан" акциясы аясында өткізілген сенбілікке аудан бойынша 785 адам, 18 техника жұмылдырылып, 74 тонна қалдық тиісті орындарға төгілді.
Жыл басынан осы кезге дейін, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2 бабына сәйкес рұқсат етілмеген аумақтарға лас-қоқыс тастаған тұрғындарға 152 хаттама толтырылып, 1 221 385 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтар тастауға болмайтындығы туралы халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізу жалғасын табуда.
Құрметті аудан тұрғындары!
Туған өлкеміздің тазалығы сенбілік шараларымен шектеліп қалмауы керек. Сондықтан әрбіріңізді тазалық жұмыстарын жүргізіп, айналамыздың ажарлана түсуіне үлес қосуға шақырамыз.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі