Тазалықтың сақталуына тұрғындар да жауапты
Сенбі күні аудан әкімдігі бастаған барлық мемлекеттік мекеме ұжымдары күндерін әдеттегідей тазалық шарасынан бастады. Белгіленген жоспарға сәйкес тазалық жанашырлары арнайы 7 сектор бойынша бөлініп, тазалық мәселесі сын көтермей тұрған аймақтарды тұрмыстық лас-қоқыстан тазартуға жұмыла кірісті.
Нақтырақ айтқанда, сенбілікке шыққан ұжымдар аудан орталығындағы Бекетай би, Ш.Айманов, Абай, Ж.Нұрпейісов, Ә.Жұбаниязов көшесіндегі сорлы аймақтар мен "Барсакелмес" табиғи қорығының, ескі және жаңа аудандық аурухананың артқы жағын, Н.Байымбетов көшесінде орналасқан қорымның артқы бетін, Сырлыбай батыр көшесінің соңғы жағын, Бегім ана көшесі, қорым айналасы, аудандық өрт сөндіру бөлімшесінің маңын, Ж.Тәжімбетов көшесінің артқы жағын және "Арал-Аэропорт" автокөлік жолының екі жақ белдеуін қоқыстан тазартуға белсене атсалысты.
Қаладағы қызу өткізілген сенбілік шарасына қатысқан аудан әкімі С.Сермағамбетов аталған 7 аумақ бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын бағамдап, тазалық жөнінде темірдей тәртіпті орнату бағытында күшейтілген жұмыстарды атқару қажет екендігін баса айтты. Сонымен қатар Шанхай мөлтек ауданындағы үлкен сор маңында бірқатар қала тұрғындарымен тілдескен аудан басшысы тазалық жұмыстарының маңыздылығына тоқтала келе, жиналған аумақтарды шашпай күтіп ұстауға, тазалықты сақтауға шақырды.
Жалпы әр апта сайын өткізіліп келе жатқан тазалық шарасының нәтижесі көңілге қонымды. Бұрынғы жағдаймен салыстырғанда аудан орталығындағы көрініс бірте-бірте реттеліп келе жатқаны көзге көрініп тұр. Дегенмен, тазалық мәселесіне немқұрайлық танытып, әдетіне басқан тұрғындардың қоқыстарын тазартылған аумақтарға тастап кеткен жағдайлары көңіл құлазытты. Сол тазартылған аумақтарды әрмен қарай ұқыппен қарап, бүлдірмей ұстап отырудың орнына қаланың сыртқы аумақтарына қоқыстарын тастаумен әлек. Тіптен бүгінгі сенбілік жұмысына жауапкершілікті сезініп, тізе бүгіп атсалысқан бірде бір қала тұрғынын көре алмадық. Сонда тазалық кімге керек?!
Қала тазалығы баршаға ортақ. Әйтсе де, жерлестеріміздің тазалық жөніндегі мәдениетін, түсінігін әлі де көтеру қажет. Тазалық – отбасында қалыптасатын дүние. Шыны керек, кейбір ата-аналар үйде отырып алып балаларын қоқыс төгуге жұмсайтыны жасырын емес. Мұндай жағдайлар рейдтік шаралар барысында көптен кездесуде. Ал, сол бала шынында қоқысты арнайы темір жәшікке апарды ма, жоқ па, әлде аулаға, көше бойына лақтырып кетті ме, қадағалап жатқан жан жоқ. Тазалықты сақтау да – тәрбие. Сондықтан бұл мәселемен күреске тек көше тазалаушылар ғана емес, қоғам атсалысуы керек. Қоршаған орта тазалығы тек өзімізге байланысты екенін естен шығармайық, ағайын!
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі