Татулық пен тұрақтылық – береке бастауы

Сонау аласапыран жылдары елімізге мыңдаған саяси тұтқындар келіп, қоныстанды. Бүгінде қазақ жерін мекен етіп отырған ұлттардың қай-қайсысы да кезінде елімізге жетіскеннен келмеген. Оларды сол кездегі саясат еркіне қарамай қоныс аудартты. Алайда, жарты бидайды бөліп жеген қонақжай қазақ халқының кең пейілінің арқасында олар естерін жинап, етектерін жапқан. Мұны сол кезде елімізге табан тіреген, көз көрген көнекөздердің барлығы да ашық айтады, алғысын жаудырып отырады. Қиыр Шығыс, күнгей Кавказ, Солтүстік Кавказ, Қырым, Еділ арнасынан және өзге де елдерден жаппай жер аударулардың арқасында елімізге келген өзге ұлт өкілдері бүгінде өсіп-өніп отыр. Тіпті олардың бүгінгі ұрпағы қазақ тілінде ана тіліндей сайрайды. Қазақстанның кең-байтақ жерін игеру, тың және тыңайған жерлерге түрен салуға қатысты ұрандатқан жылдары мыңдаған жастар Қазақстанда өз жаңа Отандарын тапты. Қандай мақсатта болмасын, елімізге табаны тиген өзге ұлт өкілдерін халқымыз ерекше жылылықпен және кең пейіл мінезімен қарсы алғандарын еске сала кету қажет. Мұны олардың өздері де сан қайтара айтып жүр.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кейбіреулер Қазақстан Республикасын құру мүмкін емес деген болжамдар айтып жатты. Олардың мұндай «диагноз» қоюына республиканың көп ұлтты болуы себеп болса керек. Тіпті, елімізге қатысты «көп ұзамай ұлтаралық жанжалдар туындайды» деген болжамдар да айтылды. Сондықтан, осынау аумалы-төкпелі кезеңде еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынасты, конфессияаралық жағдайды тезірек қолға алу қажет болды. Жағдайды тез бағдарлап үлгерген Елбасы Н.Назарбаев ұзақ жылдарға арналған, стратегиялық саясатының арқасында көздеген мақсатымызға жете білдік. Осы жылдар ішінде ел бірлігі бұзылған емес. Еліміздің бұл бағыттағы ұстанымының дұрыстығын айқындай түсті.
Бүгінгі таңда әлем бойынша түрлі қақтығыстар мен тұрақсыздықтардың барлығы дерлік ұлттар мен діндер өкілдерінің арасындағы қарама-қайшылықтардан, өзара түсіністіктің жоқтығынан туындап жатқанын ескерсек, еліміздегі ауызбіршіліктің маңызы зор екенін түсінеміз. Еліміздің өз бірлігін сақтап қана қоймай, әлем халқына тұрақтылықты, бейбітшілікті насихаттап, бірнеше жыл қатарынан саяси маңызды халықаралық жиындар өткізуге мұрындық болып, діндер мен ұлттар арасында түсіністіктің қалыптасуына ықпал еткен бірегей тәжірибелі, елге айналуымыз талай елдің ерекше қызығушылығын тудырып отыр.
Ел ішінде қалыптасқан осындай ахуалдың арқасында еліміз ұдайы даму үстінде. Жыл сайын ішкі жалпы өнімнің үлесі артып, зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылар еселеніп көбейіп, халықтың өмір сүру көрсеткіші артып келеді. Бұл, ең алдымен, еліміздегі тұрақтылықтың арқасы екені даусыз. Алдағы уақытта одан әрі дамуды мақсат еткен еліміз бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылуды мақсат етіп отыр. Әрқашан ел ішінде ғана емес, әлемде бейбітшілікті, ауызбіршілікті қолдаған елдің ертеңі жарқын болары сөзсіз. Этносаралық мәселелерді әрқашан әділетті түрде шешіп, еліміздегі барша ұлт пен ұлыстың көңілін табу арқылы, ел егемендігін сақтап, еліміздің дамуына тиімді жағдай жасай алдық. Бүгінгі күні бұл ұстанымымыздың дұрыс болғанын көріп отырмыз. Ең бастысы да – осы!
Ханзада Әбілғазиева,
«Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің
Арал ауданы бойынша төрайымы,
ҚР-ның Мәдениет қайраткері