Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аралдың даңқын асырған

Аралдың даңқын асырған

Қай кезде де берекені көздеп, мерекелі тірлік кешуді мақсат тұтқан қазақ елі небір қиын-қыстау сәтте де өзгені жат көрмей бауырына басып, бар ұлтқа пана болған киелі шаңырақ. Биылғы осынау қасиет тұнған құтты мекенде жарастықты тұрмыс кешіп, тәуелсіз ел атанғанымызға 30 жыл толып отыр. Осынау ширек ғасырдан астам уақыт ішінде еліміздің еселеп жеткен әрбір жетістігіне қазақ жерінде өмір сүріп жатқан сан түрлі ұлттар мен ұлыстардың қосқан үлесі өлшеусіз.

Дана халқымыз «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді. Расымен де, еліміздің бүгінгідей қарыштап дамуы – тұрақтылық, ұлтаралық, дінаралық келісімнің нәтижесі. «Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен несібесі мол» болмақтығын назарда ұстаған Елбасының төл туындысы Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздегі бірліктің, келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен татулықтың құтты шаңырағы. Елімізде тұрып жатқан ұлттардың ана тілін, мәдениетін, дәстүрін сақтауға, ары қарай өркендетуге толықтай мүмкіндік берілген. Барлық этностар Ата Заң негізінде білім алып, еңбек етіп, әр түрлі салаларда табыстарға қол жеткізу үшін жағдай жасалды. Қазіргі күні қазақ жерінде 130-дан астам ұлыс пен ұлт өкілдерінің тыныштықта өмір сүруі – жалпы халыққа ортақ, тең дәрежелі көзқарастың дұрыстығы.
Ауданда тұратын 80 мыңнан астам халықтың 100-ге жуығын өзге ұлт өкілдері құрайды. Бір шаңырақ астында орыс, кәріс, татар, молдаван, қырғыз, украин, қарақалпақ бауырларымыз тату-тәтті, ынтымақта өмір сүруде. Бұл жандардың ата қоныстан орын тебуінің өзі әрқилы: бірі – тағдыр тәлкегімен, бірі – жүрек қалауымен келіп, қазақ халқының мейірім шуағына бөленіп, адал дос, баянды бақыт тапса, олардың бәрі қазір қарға тамырлы қазақ атанып кетті десек артық емес. Олардың ішінде Арал өңірі тарихында есімі ел есінде мақтан тұтар ардақтылары да жетерлік.
Бір ғана Кеңес Одағының батыры Мин Александр Павловичтің Ұлы Отан соғысы жылдарында Батыс, Орталық, Украина және Белоруссия майдандарындағы, Волынь облысының елді мекендерін жаудан азат етудегі ерлік істері өскелең ұрпаққа өнеге. Одан беріде «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі», «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, ауданның сол кездері хоккейден облыс және республика біріншілігінде бірнеше рет жүлде алуына тер төккен бүкілодақтық дәрежедегі төреші, ұстаз Иван Данилович Шульганың, 30 жылдай бір ғана білім ұйымын басқарып, «Халық ағарту саласының үздігі» атанған Федоров Дмитрий Федоровичтің еңбектері Арал тарихында қалары сөзсіз. Қазіргі күні де әр түрлі салада табанды еңбек етіп, ауданның дамуына үлес қосып жүрген түрі басқа болса да, тілегі бір жандарды көргенде, көкіректі мақтаныш сезімі кернейтіні жасырын емес. Әсіресе Аралдан шыққан Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских халқы үшін қызмет етіп жүрген азамат. Бұдан бөлек, бүгінгі күні Ирина Тен, Анна Данченко сынды аралдық арулар отандық телевизияда орны бар тележүргізушілерге айналды.
Қазір де Аралда туып, осында өскен бірқатар өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде таза сөйлеп, аудан дамуы жолында еңбек етіп жүргенін көргенде, ішіміз жылып сала береді. Әсіресе білім беру, спорт, мәдениет саласында аудан мерейін өсіріп жүрген жандар жетерлік.
Ұлт татулығы – ұрпақ тәрбиесінен басталары баршаға аян. Арал өңірінде қоныс тепкен әрбір өзге ұлт өкілінің тілі мен дініне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қарау олардың татулықта тұрмыс кешуіне септігін тигізуде. Міне, тағдырдың арнасымен Аралда өмір сүріп жатқан этнос өкілдері де бізбен біте қайнасып, татулықпен ел мүддесі жолында табанды еңбек етуі тірлігімізді одан әрі түзеп, бірлігімізді бекемдей түсуде.

Назерке БАҚЫРАДИН
30 сәуір 2021 ж. 480 0