Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті
Кеше аудан әкімі С. Сермағамбетовтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссия отырысында 3 мәселе қаралды .
Алдымен алаяқтық қылмысының алдын алу және онымен күресу бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы аудандық полиция бөлімінің бастығы Ә. Өтегенов баяндама жасады. Жыл басынан бері алаяқтық қылмысының 18 дерегі орын алған. Бұлардың көпшілігі ғаламтор желісі арқылы тұрғындармен сөйлесіп, сеніміне кіру және жұмысқа тұрғызып беремін деген желеумен тұрғындарды алдау әрекеттері негізінде жүргізілген. Мәселен Сексеуіл кентінде жақында пайдалануға берілген мектепке жұмысқа тұрғызып беремін деп, бірнеше тұрғындардан қаражат алған алаяқтардың әрекеттері анықталған.
Баяндамашыдан кейін сөз алған аудан басшысы алаяқтық қылмысының алдын алу, болдырмау бойынша атқарылған жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмегендігіне тоқталып, жаңадан салынып жатқан әлеуметтік нысандар төңірегінде мұндай жағдайларды болдырмау бағытында шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
Арал қаласында көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Соған сәйкес алаяқтық әрекеттердің орын алуына жол бермеу үшін аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына баспана кезегіндегі тұрғындардың санаттарына талдау жүргізе отырып, оны ашық түрде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау отыру қажеттігін айтты. Мұнымен бірге қала әкімі аппаратымен бірлесіп, көше комитеттерінің қатысуымен өзекті деп саналатын жер, тұрғын үй мәселесіне қатысты және ғаламтор арқылы жұмыс жасайтын алаяқтардан сақ болуды ескертіп, жиын өткізуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе аудандық прокуратураның ұсынысымен комиссия отырысында қарауға енгізілген болатын. Осыған сәйкес кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсаушылықтың алдын алу шаралары туралы Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы С. Жанназарова мәлімдеді. Мектеп оқушыларына жоспарға сәйкес өткізіліп жатқан іс-шаралар мен, түсіндірме жұмыстарын, педагог-психолог мамандар тарапынан жүргізіліп жатқан шараларды баяндады.
Аудан әкімі мұндай жағдайдың орын алуы психолог мамандар жұмысының салғырттығы екендігін айтып, олардың кәсіби біліктіліктерін арттыру шараларын күшейтуді тапсырды. Мектеп оқушыларына әлеуметтік желі арқылы суицидті насихаттайтын сайттарға тұрақты тексеру жұмыстарын жүргізіп, ата-аналарға балаларды ұдайы бақылауда ұстау жөнінде ақпараттандыру жұмыстарын үйлестіруді, сонымен бірге білім беру мекмелеріндегі тәуекел тобына жататын оқушылармен жұмысты күшейтуді, әлеуметтік қолдау көрсету бойынша кешенді шараларды қабылдауды және олардың мерзімді дәрігерлік тексерістен өтуіне, сұқбаттасу жұмыстары барысында ұдайы ақыл-кеңес беріп отыру қажеттігін айтты.
Бұдан бөлек қаладағы көпсалалы және индустриалды-техникалық колледждер мен №2 дарынды балаларға арналған мектеп-интернат директорларына білім алатын оқушылар мен студенттердің жағдайы назардан тыс қалмауы керек екендігін айтты.
Ал ересектер арасында орын алған өз-өзіне қол жұмсау жағдайларына байланысты аудандық полиция бөлімінен бастығынан жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесін сұрап, елдегі болып жатқан түрлі жағдайларды назарға алып, учаскелік полиция инспекторларына өздеріне қарасты аумақтағы тұрғындардың жағдайын тұрақты бақылауға алуды тапсырды.
Қазіргі кезде мұндай жағдайлардың орын алуына букмекерлік кеңселер арқылы жүргізілетін түрлі құмар ойындары себеп болуы мүмкін екендігін айтқан аудан басшысы осындай және пайызға ақша беретін орталықтардың жұмысын қадағалауды жауапты басшыларға жүктеді.
Мұнан кейін 2022 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланып, комиссия мүшелерінің шешімімен бекіту жөнінде шешім қабылданды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі